Түркістан қаласында ел қауіпсіздігін қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан екі азамат – сарбаз Досбол Сапар мен полиция лейтенанты Мейрамбек Рахматуллаевтың өмір жолы мен ерлігін арқау еткен деректі фильмдердің таныстырылымы өтті.
Іс-шараға полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалымжан Қуашбаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғат Мелдешов, Ұлттық ұланның 5574 әскери бөлімі командирінің орынбасары Алишер Тұрсынбаев және қаза тапқан қызметкерлердің жақындары қатысты.
Таныстырылым барысында Ақтөбе қаласында болған террористік акт кезінде ерлікпен қаза тапқан жас сарбаз Досбол Сапарға арналған "Тағдырды талқандаған терроризм" және Алматы қаласындағы лаңкестік оқиға кезінде терроршының қолынан қаза тапқан полиция лейтенанты Мейрамбек Рахматуллаевқа арналған "Қаралы күннің қаһарманы" атты деректі фильмдер көрермен назарына ұсынылды.
Фильмдерде терроризмнің адам өміріне тигізетін ауыр зардаптары, оның жақындарына салатын қайғысы және ел тыныштығын қорғау жолында жанын қиған азаматтардың батылдығы баяндалды.
Іс-шарада Ғалымжан Қуашбаев сөз сөйлеп, қос батырдың ерлігіне тоқталды.
– Бірі – әскери қызметін атқару кезінде, екіншісі – қарулы қылмыскерді тоқтатуға ұмтылған сәтте ерлікпен қаза тапты. Екеуінің де ғұмыры қысқа болғанымен, артында өшпес із, ұмытылмас ерлік, өнегелі өмір қалды, – деп атап өтті ол.
Елінің қауіпсіздігі жолында ұлдарын құрбан еткен қос батырдың ата-аналары да естеліктерімен бөлісіп, олардың өмір жолы мен азаматтық болмысы туралы әңгімеледі. Ата-аналардың жүрекжарды естеліктері қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, ерліктің бағасы мен бейбіт өмірдің қадірін тағы бір мәрте ұғындырды.
Тағылымды кездесудің басты мақсаты – қос батырдың есімдерін ұлықтау, ерлігін жас ұрпаққа өнеге ету және экстремизм мен терроризмнің алдын алу.









