ТҮРКІСТАНДА 9 АЙДА 9 МЫҢНАН АСТАМ ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

    1 / 12
    Түркістан қаласында халықты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша қалада 9 156 жұмыс орны ашылды.
    Бұл туралы бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте мәлім болды.
    Жиында одан өзге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қала тазалығы, әлеуметтік қолдау және халықты жұмыспен қамту мәселелері қаралды.
    Қалалық полиция басқармасының мәліметінше, есепті кезеңде тіркелген құқық бұзушылықтар саны 23,7%-ға, қылмыстар саны 32,5%-ға төмендеген.
    Қала әкімі құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейтуді, қоғамдық орындар мен көшелердегі бақылауды арттыруды, сондай-ақ жасөспірімдер көп шоғырланатын орындарда аптасына екі рет профилактикалық рейдтер ұйымдастыруды тапсырды.
    Әлеуметтік салада атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, D және E санатындағы отбасыларды қолдау, мүгедектігі бар азаматтардың өтініштерін орындау мәселелері талқыланды.
    Әзімбек Пазылбекұлы әлеуметтік төлемдердің жаңа қағидаттарын түсіндіру жұмыстарын жандандырып, көмек тағайындаудан бас тартылған 2 510 өтініштің себептері бойынша толық ақпарат ұсынуды және азаматтардың өзекті мәселелерін шешуді міндеттеді.
    Жұмыспен қамту бағытында жылдық жоспар 6 865 жұмыс орнын құраса, нақты ашылған жұмыс орындарының саны 9 156-ға жеткен.
    Мәжіліс қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты бөлімдерге берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді, әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан қаласы әкімінің аппараты" жаңалықтары