Ақтөбе облысының Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында мүгедектігі бар балаларға арналған «Ainala» оңалту орталығы жұмысын бастауға дайын. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қолдауымен 100 орынға арналған орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылды.
Орталық 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық бұзылыстары, оның ішінде аутизм спектріндегі ерекшеліктері бар, сондай-ақ тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетуге бағытталған.
Балалардың орталықта күндізгі уақытта күніне төрт сағаттан бастап болуына мүмкіндік қарастырылған. Қажет болған жағдайда Ойыл, Мұғалжар, Байғанин, Қобда және Алға аудандарынан келетін балалардың түнгі уақытта да болуына жағдай жасалады. Орталықта балалардың жағдайына қарай алты айға дейін уақытша немесе ұзақ мерзімді күтім мен оңалту қызметтері ұсынылады.
Мекемеде психолог, логопед, дефектолог кабинеттері, емдік дене шынықтыру, механотерапия, ерте дамыту, бейімделген дене шынықтыру, АВА-терапия, робототехника, музыка және сенсорлық терапия бөлмелері заманауи құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар қыш және тігін шеберханалары, тұз бөлмесі жұмыс істеуге дайын.
Арнайы әлеуметтік қызметтерді педагог мамандар дәрігерлермен бірлесіп көрсетеді. Олардың қатарында психиатр, невропатолог, травматолог, реабилитолог және педиатр бар. Қазіргі уақытта орталық мамандары Астана қаласынан келген эрготерапевттердің қатысуымен оқыту семинарлары мен практикалық сабақтардан өтуде.
Орталықтың іске қосылуы 84 адамның жұмысқа орналасуына сеп болды. Қазіргі уақытта мемлекеттік лицензия алынған, ал ата-аналар балаларды қабылдауға қажетті құжаттарды, соның ішінде медициналық тексеру нәтижелерін жинақтауда.
Жалпы, Темір ауданын қоса алғанда, облыстың алты ауданынан 480 баланы кезең-кезеңімен арнайы әлеуметтік қызметтермен қамту жоспарланып отыр.









