Полиция тұрғындарды мессенджердегі күмәнді сілтемелерден сақ болуға шақырады.
Солтүстік Қазақстан облысында telegram және whatsApp мессенджерлеріндегі аккаунттарды бұзып, азаматтардың атынан ақша сұрайтын алаяқтық схемаға қатысты 14 дерек тіркелді. Полиция тұрғындарды бейтаныс сілтемелерге өтпеуге және ақша аудармас бұрын ақпаратты тексеруге шақырады.
Соңғы екі аптада Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына telegram арқылы таныстарының атынан күмәнді хабарламалар келе бастаған. Хабарламаларда “Сашаға дауыс берші” деген өтініш жазылып, белгілі бір байқауға қатысып жатқан қызға дауыс беруге арналған сілтеме қоса жіберіледі. Есім әртүрлі болуы мүмкін.
Алайда бұл — азаматтардың мессенджердегі аккаунттарын иемденуге бағытталған алаяқтық тәсілдердің бірі. Жіберілген сілтемеге өткен жағдайда, аккаунтқа алаяқтардың қол жеткізу қаупі бар.
Аккаунтты бақылауына алғаннан кейін алаяқтар оның иесінің атынан контактілеріне хабарлама таратып, ақша сұрайды. Мәселен, “80 мың теңге жіберші, кешке қайтарамын” деген мазмұндағы өтініштер жіберіледі. Ақша аударуға дайын екенін білдірген немесе мән-жайды сұраған адамдарға қаражаттың шұғыл қажет екенін айтып, өзге есепшотқа ақша аударуды ұсынады.
Бұл ретте аккаунттың шынайы иесі мессенджерге кіре алмай қалуы мүмкін. Ал оның атынан хат алмасып отырған алаяқтың әрекетінен хабарсыз қалады.
СҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметовтің айтуынша, облыста осындай схема бойынша жасалған алаяқтықтың 14 дерегі тіркелген.
— Кез келген азамат осындай қауіпке ұшырауы мүмкін. Оның ішінде кеңінен қолданылатын whatsApp та бар. Адамға қаншалықты сенсеңіз де, ол сілтеме жіберсе, әдеттегі телефон қоңырауы арқылы хабарласып, мұндай хабарламаны шынымен өзі жіберген-жібермегенін анықтаңыз, — деп ескертті Әлібек Құжахметов.
Сонымен қатар полицейлер фотосуретке қатысты хабарламаларға да сақтықпен қарауға кеңес береді. Мәселен, “Мына суреттегі сен емессің бе? Мұны қашан түсірдің?” деген мәтінмен бірге сілтеме келсе, оны ашуға асықпаған жөн. Мұндай сілтемелер арқылы телефонға зиянды бағдарламалар орнатылуы мүмкін.
Полиция тұрғындарға мынадай қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:
— Күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеңіз;
— Танысыңыздан ақша аударуды сұраған хабарлама келсе, оған телефон арқылы тікелей хабарласып, өтініштің рас-өтірігін анықтаңыз;
— Мессенджерге келген ақпаратты бірден шындық деп қабылдамай, оның дұрыстығын тексеріңіз;
— Аккаунтыңызға бөтен адамның қол жеткізгенін байқасаңыз, оны қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдаңыз.
Интернеттегі алаяқтықтан сақтанудың басты жолы — күмәнді сілтемелерді ашпау және кез келген ақша аударымының алдында ақпаратты мұқият тексеру.









