Қарағандыда бес күнде үш велосипед ұрланды: екі күдікті ұсталды

    Қарағандыда бес күн ішінде үш велосипед ұрланған. Келтірілген материалдық шығын 300 мың теңгеден асты. Аталған қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен 33 жастағы ер адам мен 29 жастағы әйел ұсталды.

    Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері велосипед ұрлығына қатысты бірнеше қылмысты ашты. Жәбірленушілерден арыз түскеннен кейін жедел уәкілдер күдіктілерді анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде жергілікті екі тұрғын ұсталды.

    Тергеу мәліметінше, күдіктілер бірге әрекет етіп, жұрттың күдігін тудырмауға тырысқан.

    Қазір аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

    Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

    Полиция олардың қала аумағында жасалған өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

    Осыған байланысты полиция тұрғындарды велосипедтер мен самокаттарды, сондай-ақ балалар арбаларын кіреберістерде және дүкендердің маңында қараусыз қалдырмауға шақырады. Екі дөңгелекті көліктерді арнайы ұрлыққа қарсы құлыппен бекітіп, мүмкіндігінше қауіпсіз жерде сақтау ұсынылады.

    Сондай-ақ бейнебақылау камералары бар жерлерде де жеке заттардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамау қажет.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" жаңалықтары