Қазақстан мен Әзербайжан Транскаспий көлік бағытының әлеуетін Жапонияда таныстырды

    1 / 2

    Токио, 2026 жылғы 19 қазан - Транскаспий халықаралық көлік бағытын (бұдан әрі — ТХКБ) дамыту және Токио мен Алматы арасында тікелей әуе рейсін ашу арқылы Жапонияның Орталық Азиямен және Кавказбен көліктік байланысын нығайтуға арналған конференция Токиода өтті. Жапондық инвестицияларды ТХКБ инфрақұрылымына тартуға бағытталған іс-шараға Жапонияның тиісті министрліктерінің, JICA агенттігінің, ROTOBO қауымдастығының және логистикалық бизнес өкілдері кіретін 100-ге жуық тұлға қатысты.

    Қазақстан Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев және Әзербайжан Елшісі Фарид Талыбов логистикалық тізбектердің тиімділігін арттыруға және халықаралық көліктік ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған өз елдерінің көлік жүйелерін дамыту стратегияларын таныстырды. Өз баяндамасында Е.Баударбек-Қожатаев ағымдағы жылғы 15 қазанда Бакуде Президенттер Қ.Тоқаев пен И.Әлиевтің қатысуымен халықаралық деректер алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге және цифрлық коммуникациялардың тұрақтылығын арттыруға арналған. Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің ресми түрде пайдалануға берілгенін атап өтті.

    Жапония Экономика, сауда және индустрия мемлекеттік министрі Кей Такаги халықаралық көлік-логистикалық бағыттарды әртараптандыру тұрғысынан Токио үшін ТХКБ-ның стратегиялық маңызы зор екенін мәлімдеді. Ол Орталық дәлізді дамыту Жапонияның Орталық Азия мен Кавказ елдерімен сауда-экономикалық іс-қимылын нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашатынына тоқтады.

    Жапония Жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігі Халықаралық логистикалық кеңсесінің директоры Миеко Коянаги қатысушыларды жапондық компаниялардың Орталық дәліз арқылы жүргізген сынақ тасымалдарының қорытындысымен таныстырды. Бұл тасымалдар бағыттың негізгі параметрлерін, соның ішінде жеткізу мерзімі мен құнын, кедендік рәсімдерден өту ерекшеліктерін және көлік-логистикалық қызмет көрсету сапасын талдауға мүмкіндік берді. Ақтау портындағы кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға Жапонияның жәрдемдесуіне ерекше назар аударылды. Құны 719 миллион иенге дейін жететін жоба жүкті тексеру уақытын үш есе қысқартуға мүмкіндік беретін портты стационарлық ірі габаритті рентген кешенімен жабдықтауды қарастырады.

    Іс-шара аясында Air Astana авиакомпаниясының Корея Республикасы мен Жапония бойынша Өңірлік аға менеджері Адель Даулетбек ағымдағы жылғы желтоқсанда іске қосылатын Алматы мен Токио (Нарита әуежайы) арасындағы тұрақты тікелей рейстерге байланысты көліктік қатынасты нығайту перспективалары туралы ақпаратты ұсынды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі" жаңалықтары