Жетісу облысында полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.
Талдықорған қаласындағы коммуналдық базарға тұрғындар көп жиналатын күні полицейлер ақпараттық-түсіндіру акциясын өткізді. Құқық қорғау қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарына кеңінен таралған алаяқтық схемалары туралы айтып, алаяқтарды қалай тануға болатынын түсіндірді.
Әсіресе, өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтардың қоңырауларына, жалған инвестициялық ұсыныстарға және күмәнді сілтемелерге ерекше назар аударылды. Азаматтарға SMS арқылы келетін кодтарды және банк картасының деректерін құпия сақтау, белгісіз шоттарға ақша аудармау, сондай-ақ кез келген ақпараттың шынайылығын тексеру қажеттігі ескертілді.
Акция аясында тұрғындарға интернет-алаяқтардан қорғану жолдары көрсетілген 2000-нан астам ақпараттық жадынама таратылды.
Полиция қызметкерлері адам көп жиналатын орындарда профилактикалық іс-шаралар өткізу арқылы тұрғындарды кеңінен қамтып, ықтимал қылмыстардың алдын алуды көздейді.
Полиция тұрғындарды қырағы болуға шақырады. Ақпаратты дер кезінде тексеру өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтардан қорғауға, жинаған қаражатыңызды сақтауға көмектеседі.







