
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде «Вирустық гепатиттердің эпидемиологиясы, клиникасы, диагностикасы және профилактикасы» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Іс-шара бейнеконференция форматында Департамент басшысының орынбасары А.С. Күшбасовтың төрағалығымен ұйымдастырылды.

Семинарға облыстың аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының мамандары, алғашқы медициналық-санитариялық көмек (АМСК) бойынша бас дәрігерлердің орынбасарлары, дәрігерлік учаскелердің меңгерушілері, қалалық емханалар мен аудандық ауруханалардың инфекционист дәрігерлері, сондай-ақ Петропавл қаласы мен облыстың медициналық ұйымдарының госпитальдық эпидемиологтары қатысты.

Семинар барысында Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Қазақстан облысындағы вирустық гепатиттер бойынша эпидемиологиялық жағдай, В және С вирустық гепатиттерін диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері, сондай-ақ инфекция ошақтарында эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу алгоритмдері қарастырылды.

Вирустық гепатиттер жағдайларын эпидемиологиялық тергеп-тексеру, зертханалық диагностика, сондай-ақ А, В және С вирустық гепатиттері ошақтарында науқастар мен байланыста болған адамдардан биологиялық материал алу және оны тасымалдау қағидаларына ерекше назар аударылды.

Семинар қорытындысы бойынша мамандар кәсіби қызмет барысында туындайтын практикалық мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты және өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

Мұндай іс-шараларды өткізу мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға және вирустық гепатиттердің алдын алу шараларын жетілдіруге ықпал етеді.