Астанада "Kazakhstan Prevention Days – 2026" ауқымды жобалар көрмесі өтті

    1 / 5

    Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Басқару академиясының ұйымдастыруымен "Kazakhstan Prevention Days – 2026" ауқымды жобалар көрмесі өтті.

    Іс-шарада құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және заманауи цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған 60-қа жуық инновациялық жоба таныстырылды.

    Көрме Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі бастамаларын іске асыру аясында және Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – құқық бұзушылықтың салдарымен күресуден гөрі оның алдын алуға басымдық беретін, ықтимал қауіп-қатерлерді ерте анықтауға негізделген заманауи қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру.

    Ауқымды шараға Ішкі істер министрлігі, полиция департаменттері, жергілікті атқарушы органдар, жоғары оқу орындары, үкіметтік емес ұйымдар, IT-сала мамандары мен жас әзірлеушілер қатысты. Олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған технологиялық шешімдері мен тәжірибелік жобаларын көпшілік назарына ұсынды.

    Іс-шара барысында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың полиция қызметін жетілдірудегі маңызына тоқталып, кәсіби кадрларды дамыту қажеттігін атап өтті.

    – Қауіпсіз қоғам жасау – өзіміздің қолымызда. Профилактика тек полицейлердің жауапкершілігінде емес, әр азаматтың мойнында. Ал жасанды интеллект, цифрлық мүмкіндіктер Ішкі істер саласына үлкен мүмкіндік береді. Келешекте полиция технологиялық процестерге ғана иек артып қоймай, оны жұмыста қосымша күш ретінде пайдалану қажет, – деді Айдар Сайтбеков.

    Көрменің негізгі ерекшелігі – жасанды интеллект, үлкен деректерді талдау (Big Data), бейнеаналитика және цифрлық мониторинг мүмкіндіктерін құқық бұзушылық профилактикасында қолдануға басымдық берілуі.

    Технологиялық демо-аймақта қылмыстың алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға және құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіруге бағытталған бірқатар инновациялық жоба таныстырылды.

    Атап айтқанда, "AiMap" жүйесі балалардың қауіпті цифрлық ортаға тартылу белгілерін ерте анықтауға арналған. Ал "E-Bagdar" платформасы хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды, әсіресе балаларды іздестіру туралы ақпаратты жедел таратуға бағытталған.

    Қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті күшейтуге арналған "SafeRail Qazaqstan" жобасы теміржол вокзалдарында бейнеаналитика технологияларын қолдануды көздейді. Жүйе күдікті жағдайларды, қараусыз қалған заттарды және іздеудегі адамдарды анықтау мүмкіндіктерін ұсынады.

    Сонымен қатар "JOLScan" платформасы жол жабынындағы ақауларды анықтау арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

    Көрмеде киберқылмыс пен интернет алаяқтығына қарсы іс-қимыл мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, алаяқтық сипаттағы телефон қоңырауларын абонентке жетпей бұғаттауға арналған технологиялық шешім таныстырылды.

    Сондай-ақ азаматтардың алаяқтардың психологиялық айла-тәсілдерін тану және күмәнді қоңырауларға дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға арналған "CIMM.PRO" интерактивті симуляторы ұсынылды.

    Бұл жобалар заманауи технологиялардың қылмыстың алдын алудағы мүмкіндіктерін көрсетіп, цифрлық қауіпсіздік саласындағы профилактикалық жұмыстың маңызын айқындады.

    Іс-шараның маңызды бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

    Осы бағытта "Біз жақынбыз 2.0", "Қауіпсіз отбасы – қауіпсіз қоғам", "AL-JAN" және "SENIM TECHNOLOGIES" "Цифрлық иммунитет" жобалары таныстырылды. Аталған бастамалар отбасындағы ықтимал қауіп-қатерлерді ерте анықтауға, азаматтарды қорғау тетіктерін жетілдіруге және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.

    Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күнделікті еңбегіне арналған фотокөрме де ұсынылды.

    Экспозицияда учаскелік инспекторлар мен патрульдік полиция қызметкерлерінің, құтқарушылардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы қызметі бейнеленді. Фотосуреттер арқылы табиғи апаттардың салдарын жою, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балаларды қорғау бағытындағы жұмыстар көрініс тапты.

    Фотокөрменің негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық санасын нығайту, құқық бұзушылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру және қоғамда "Заң және тәртіп" қағидатын кеңінен насихаттау.

    "Kazakhstan Prevention Days – 2026" көрмесі отандық мамандармен қатар, халықаралық сарапшылар мен шетелдік серіктестердің де басын қосты.

    Іс-шараға Германия, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген өкілдер қатысып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылық профилактикасын жетілдіру және заманауи технологияларды қолдану саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.

    Халықаралық тәжірибе алмасу барысында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, инновациялық шешімдерді құқық қорғау қызметіне енгізу және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру мәселелеріне назар аударылды.

    "Kazakhstan Prevention Days – 2026" көрмесі Ішкі істер министрлігінің құқық бұзушылық профилактикасын жетілдіру, полиция қызметін цифрландыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде инновациялық тәсілдерді дамыту бағытындағы бастамаларын бір алаңда тоғыстырды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" жаңалықтары