«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысында этнопарк ашылды

    1 / 9

    Ақтөбе облысында кәсіпкер Жандос Исин «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен туристік жобаны жүзеге асырды. Су қоймасының жағасында орналасқан этнопарк аумағында бес киіз үй жабдықталған. Мұнда келушілер табиғат аясында демалып, қазақ халқының мәдениетімен және дәстүрлі тұрмысымен таныса алады.

    Этнопарк құру идеясы кәсіпкерде Мемлекет басшысының Жолдауларының бірінде туризмді дамыту мәселесі көтерілгеннен кейін пайда болған. Жандос Исин осы бағытқа өз үлесін қосып, қонақтар тек демалып қана қоймай, қазақ халқының тарихы мен дәстүрлеріне де жақынырақ үңіле алатын орын ашуды ұйғарған.

    💬 «Президент өзінің Жолдауларының бірінде ішкі туризмді дамыту мәселесін көтерді. Біз Ресей Федерациясымен шекаралас аймақта орналасқанбыз. Сондықтан қонақтарды қабылдап қана қоймай, оларды қазақ халқының мәдениетімен таныстыратын туристік нысан құру туралы ой келді», — дейді Жандос Исин.

    Кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы естігеннен кейін бизнес-жоспар әзірлеп, «Ақтөбе» ӘКК-не жүгінген. Өтінімі мақұлданған соң этнопарк құру жұмыстарына кіріскен.

    Алғашқы кезеңде ауданы 40 шаршы метр болатын киіз үйі бар шолу алаңы салынды. Уақыт өте келе аумақ кеңейіп, бүгінде мұнда ұлттық нақышта безендірілген бес киіз үй орналасқан.

    🛖Этнопарктің ерекшелігі — оның табиғи ортасы мен ұлттық сәулет үлгісінде. Жақын маңда су қоймасы бар, ал аумақта демалыс аймағы жабдықталған. Мұнда келушілер таза ауада тынығып, табиғат аясында уақыт өткізе алады.
    Этнопарктің ұлттық келбетін саз балшықтан тұрғызылған саман үйлер мен дәстүрлі тұрмыс элементтері толықтырады. Олар қазақ ауылының атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді.

    Киіз үйлердің іші де ұлттық нақышта безендірілген. Мұнда сандықтар мен қазақтың дәстүрлі тұрмысында қолданылған басқа да бұйымдарды көруге болады. Кәсіпкер олардың көпшілігін түрлі елді мекендердің тұрғындарынан жинаған. Ол интерьердің әрбір бөлшегі арқылы қазақ мәдениетінің өзіндік ерекшелігі мен рухын жеткізуге тырысқан.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" жаңалықтары