19 қазанда Қазақстанда Құтқарушылар күні аталып өтеді. Астанадағы №24 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Бағдат Құлбаев өзінің күрделі әрі жауапкершілігі жоғары мамандығының қыр-сыры туралы айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бағдат Құлбаев Қостанай облысы Амангелді ауданының Иманов ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін Рудный қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы әлеуметтік-гуманитарлық колледжге түсіп, математика бағытын таңдаған. 2004 жылы ауылдағы орта мектепте математика пәні мұғалімі болып еңбек жолын бастаған. Кейін Өскемен қаласында мерзімді әскери қызметін өтеген. Алайда уақыт өте келе, ол адамдарға көмек көрсетумен байланысты мамандықтан өз орнын тапқан.
Мамандық таңдауына Қостанай облысының өртке қарсы қызметінде жұмыс істеген ағасы ерекше ықпал еткен. Сол кісі Бағдатқа осы салада бағын сынап көруді ұсынған. Әскерден оралғаннан кейін болашақ өрт сөндіруші қажетті іріктеу кезеңдерінен өтуге шешім қабылдайды. Ол медициналық комиссиядан, психологиялық тестілеуден, дене дайындығын тексеруден және әңгімелесуден өткен.
«Шынымды айтсам, бұл жолды таңдаймын деп мүлде ойлаған жоқпын. Бір күні ағам хабарласып: «Егер қаласаң, дайындал, менің жолымды қуасың», – деді.
Сөйтіп, осы мамандықты таңдадым. Адамдарға көмектескен ұнайды. Бұл жұмысқа келгеніме еш өкінбеймін», – дейді Бағдат Құлбаев.
Ол өртке қарсы қызметке 2011 жылы келген. Еңбек жолын Қостанай облысында өрт сөндіруші болып бастаған. 2015 жылы отбасылық жағдайына байланысты Алматы қаласына ауысып, Наурызбай ауданындағы №18 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарған.
Қызмет еткен жылдары жинаған тәжірибесі оған өрт сөндіру жасағының міндеттерін тек жүргізуші ретінде ғана емес, өртті тікелей сөндіруге қатысатын қызметкерлер тұрғысынан да түсінуге мүмкіндік береді.
Биыл ақпан айында Бағдат арнайы техниканың жүргізушісі қызметіне ауысып, қазір Астанадағы №24 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жұмысын жалғастырып жүр.
Бір қарағанда, өрт сөндіру көлігі жүргізушісінің басты міндеті шақырту түскен жерге мүмкіндігінше жылдам жету сияқты көрінуі мүмкін.
Алайда ауыр арнайы техниканы басқару көлікті сенімді жүргізуді ғана емес, терең техникалық білімді де талап етеді. Жүргізуші көліктің техникалық сипаттамаларын білуі, жабдықтармен жұмыс істей алуы, су мен көбік беру ерекшеліктерін меңгеруі, сондай-ақ өртті сөндіруге қажетті су қорын есептей білуі керек.
Жұмыстың тағы бір маңызды бөлігі – судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ететін су көздерін табу.
Жүргізуші жергілікті аумақты жақсы бағдарлап, өрт гидранттарының, су резервуарларының және басқа да су көздерінің қайда орналасқанын білуге тиіс.
№24 өрт сөндіру бөлімі елорданың едәуір аумағына қызмет көрсетеді. Сондықтан жергілікті жерді жақсы білу және жылдам бағдарлай алу ерекше маңызды.
«Жүргізуші көліктің техникалық сипаттамалары мен мүмкіндіктерін жақсы білуі керек. Өртті сөндіруге қанша су қажет болатынын, бір автоцистернадағы сумен қанша уақыт жұмыс істей алатынымызды, суды биіктікке немесе алыс қашықтыққа жеткізу үшін қандай қысым беру керектігін есептей білуіміз қажет. Мұның бәрі жеке құрамның жұмысын дұрыс ұйымдастыру үшін маңызды», – деп түсіндірді Бағдат Құлбаев.
Жүргізушінің міндетіне көліктің техникалық жағдайын бақылау да кіреді. Кезекшілік кезінде өрт сөндіру машинасы кез келген сәтте жолға шығуға толық дайын, ал жабдықтары жарамды болуы тиіс. Қажет болған жағдайда қызметкерлер ұсақ жөндеу жұмыстарын өздері жүргізеді, ал күрделі ақаулар анықталса, мамандандырылған сервистік орталықтарға жүгінеді.
Өрт сөндірушілердің оқиға орнына қаншалықты жылдам жетуі қызметкерлердің дайындығына ғана емес, жолдағы жағдайға да байланысты. Бағдаттың байқауынша, соңғы жылдары жүргізушілер жарық және дыбыс сигналдары қосылған арнайы көліктерге жиі жол бере бастаған. Оның айтуынша, қала тұрғындары өрт сөндіру машиналарын, жедел жәрдем, полиция және басқа да шұғыл қызмет көліктерін уақтылы өткізіп жіберудің маңызын біртіндеп түсініп келеді.
Бағдат Құлбаев үшін құтқарушы – өртті тікелей сөндіретін немесе зардап шеккендерге көмек көрсететін адам ғана емес, ол – бүкіл бөлімшенің үйлесімді жұмысына үлес қосатын әрбір қызметкер.
Жүргізуші әріптестерін оқиға орнына қауіпсіз жеткізіп, арнайы техниканың жұмысын қамтамасыз етуге, ал шақырту аяқталғаннан кейін жеке құрамды бөлімшеге аман-есен алып қайтуға міндетті. Бұл мамандықта кәсібилік, жауапкершілік және өзара сенім ерекше маңызға ие.
«Құтқарушы болу – үлкен жауапкершілік. Адамдар бізден көмек күтеді, ал біз көмек көрсетуге әрдайым дайын болуымыз керек. Құтқарушылар күнімен барлық әріптесімді құттықтаймын! Әр маман кезекшіліктен кейін әрдайым үйіне аман-есен оралуын тілеймін. Баршаңызға бейбітшілік, береке-бірлік тілеймін. Еліміз тыныш болсын!» – дейді Бағдат Құлбаев.









