Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

    1 / 12

    Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында аудандардағы сауда нысандарын жаңғырту жұмыстарының барысы мен әлеуметтік төлемдердің жаңа қағидаттары мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.

    Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков пен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек баяндады.

    Облыста сауда нысандарының сыртқы келбетін жақсарту, маңдайшаларын жаңарту және іргелес аумақтарды абаттандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биылғы 9 маусым мен 9 шілде аралығында өңірдің 10 ауданы мен Курчатов қаласындағы сауда нысандарына мониторинг жүргізілді. Мониторинг қорытындысы бойынша нысан иелеріне қасбеттерді жөндеу, маңдайшаларды жаңарту, ескірген жарнамалық материалдарды алып тастау және іргелес аумақтарды абаттандыру жөнінде ұсыныстар мен ескертулер берілді.

    Ақсуат, Үржар және Көкпекті аудандарында жұмыстар толық орындалды. Аталған аудандарда сауда нысандарының қасбеттері мен маңдайшалары жаңартылып, аумақтарды тазалау және ретке келтіру шаралары жүргізілді. Қалған аудан-қалаларда бұл бағыттағы жұмыс жандандыруды қажет етеді.

    Алдағы уақытта да сауда нысандарының сыртқы келбетін жақсарту, бірыңғай әрі көрікті қалалық және ауылдық ортаны қалыптастыру, тазалық пен абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады. Басты мақсат – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып, облыс елді мекендерінің көркін арттыру.

    Аймақ басшысы жиында кәсіпкерлік басқармасына, аудан және қала әкімдеріне 1 желтоқсанға дейін сауда нысандарындағы анықталған кемшіліктерді толық жоюды, жөндеу және абаттандыру жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

    «Сауда нысандарының сыртқы келбеті талапқа сай болуы, іргелес аумақтардың тазалығы және абаттандырылуы елді мекендердің келбетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарға формалды түрде қарауға болмайды. Бұған дейін барлық аудандар мен Курчатов қаласында мониторинг жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті ескертулер берілді. Алайда, қайта тексеру нәтижелері көрсеткендей, бірқатар өңірлерде тапсырмалар толық орындалмаған. Аудан және қала әкімдері кәсіпкерлік нысандарының иелерімен заң аясында түсіндірме жұмыстарын күшейтіп, нысандардың қасбеттерінің заман талабына сай болуы талап ету қажет», – деді Берік Уәли.

    2027 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәсілі өзгереді. Қазіргі уақытта облыста әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібіндегі өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

    Облыс әкімі жиында әлеуметтік қолдау реформасының негізгі ережелерін халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары