Бүгін Түркістанда жергілікті өндірушілерді қолдау және тұрғындарды қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде Сауран, Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарынан келген тауар өндірушілер және “Түркістан” ӘКК АҚ тұрақтандыру қорынан 50 тонна өнім ұсынылды.
Іс-шараның ерекшелігі — ұсынылған барлық тауар нарықтық бағадан 20-30% арзан ұсынылуында. Сауда сөрелеріне тікелей диқандар мен шаруа қожалықтарынан жеткізілген табиғи әрі балғын өнімдер қойылды. Атап айтқанда, ет және сүт өнімдері (май, қаймақ, құрт пен ірімшік), көкөніс пен жеміс-жидек (картоп, пияз, сәбіз, бақша өнімдері) ұн, жарма түрлері және өсімдік майы.
Жәрмеңке алыпсатарларды азайтып, өнімді өндірушіден тұтынушыға тікелей жеткізуге бағытталған. Бұл әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруға және жергілікті брендингті дамытуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі









