Ұлытау облысында алкогольдік масаң күйде көлік басқарған жүргізуші сот шешімімен жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Оның Mercedes-Benz A160 автокөлігі арнайы тұраққа қойылды.
Оқиға 17 қазан күні Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір кентінде болған. Патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысын бақылау барысында аталған автокөлікті тоқтатқан.
Тексеру кезінде жүргізушіден алкоголь иісі сезіліп, ол медициналық куәландыруға жеткізілді. Сараптама қорытындысы оның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғанын растады.
Іс сотта қаралып, жүргізуші жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылды және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Қазіргі таңда жүргізуші әкімшілік қамауда, ал автокөлік арнайы тұрақта тұр.
Ұлытау облысының Полиция департаменті алкогольдік масаң күйде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ескертеді.









