Астанада «Бала Толағай» жарысының қалалық кезеңіне үш команда жолдама алды

    1 / 5

    Астананың «Сарыарқа» ауданында мектеп оқушылары арасында «Бала Толағай» спорттық жарысының аудандық кезеңі өтті. Сайысқа сегіз мектептен 10 команда қатысып, үздік үш команда қалалық кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Жарыс Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектепте ұйымдастырылды. Оған 7-8-сынып оқушыларынан құралған, әрқайсысында алты қатысушысы бар командалар қатысты.

    Оқушылар найза лақтыру, сірге көтеру, ләңгі тебу, қаппен жүгіру және арқан тарту бойынша эстафеталық сайыстарда өзара бақ сынасты.
    «Бала Толағай» – армрестлингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Темір Спатаевтың авторлық жобасы. Қазіргі уақытта жоба елордадағы бірқатар мектептің оқу бағдарламасына енгізілген.

    №68 мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі, жарыстың бас төрешісі Ғанибет Сағидың айтуынша, білім ордасында өткен жылы ашылған «Толағай» ұлттық спорт залы оқушылардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп отыр.

    «Біздің мектепте «Толағай» ұлттық спорт залы былтыр ашылды. Жоба қала мектептеріне енгізіле бастағанына екі жыл болды. Осы уақыт ішінде оқушыларымыз аудандық, қалалық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз», – деді №68 мектеп директоры Лаура Сәрсембекова.
    Жарыстың ашылу салтанатына жоба авторы Темір Спатаев, қалалық Білім басқармасының, қоғамдық ұйымдар мен «Өркен» балалар орталығының өкілдері, педагогтер және оқушылар қатысты.

    Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды №68 мектептің «Балуан Шолақ» командасы жеңіп алды. Екінші орын №15 мектеп командасына бұйырса, үшінші орынға №68 мектептің «Міржақып» командасы ие болды.

    Жүлделі үш команда енді «Бала Толағай» жарысының қалалық кезеңінде елорданың өзге аудандарынан іріктелген командалармен бақ сынасады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары