Ауданның жаңа визиттік карточкасы: Самар ауылында стела ашылды

    1 / 5

    Самар ауданында Самар ауылына кіреберісте стеланың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа нысан елді мекеннің визиттік карточкасына айналып, ауданның туристік әлеуетін дамытуға үлес қосады деп күтілуде.

    Стеланы орнату Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы аумақтарды абаттандыру жұмыстарының бір бөлігі болды.

    Нысанның өлшемі — 6 × 3,5 метр, құны — 5 миллион теңге. Жоба жергілікті кәсіпкерлердің, шаруа қожалықтарының басшылары мен аудан тұрғындарының бастамасы және бірлескен күш-жігерінің арқасында жүзеге асырылды. Олар туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосты.

    Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов атап өткендей, тұрғындардың белсенділігі мен бастамашылдығы өңірдің дамуына маңызды үлес қосады.

    «Осындай бастамалардың арқасында ауданда инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Бастамашыл тұрғындарымыз ауданның дамуына зор үлес қосып келеді. Бүгін біз жай ғана жаңа нысанды ашып отырған жоқпыз, сонымен қатар туризмді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып, ауданның танымал брендін қалыптастыруға қадам жасап отырмыз», — деп атап өтті Серік Жеңісов.

    Биыл абаттандыру жұмыстары көлік инфрақұрылымын да қамтыды. Самар ауылына кіреберістегі және ауылдан шығаберістегі айналма жол айрықтары кеңейтіліп, абаттандырылды.

    Қоғамдық кеңістіктерді жаңарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Келесі жылы Самар ауданында Абай атындағы орталық алаңды абаттандырып, толық жаңарту, сондай-ақ жаңа қоғамдық кеңістіктер құру жоспарланып отыр. Бұл жобалар ауданның келбетін жақсартуға, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған.

    Биыл аудан әкімдігінің алдындағы аумақты абаттандыру жұмыстары да аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта мұнда брусчатка төселіп, жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салынуда, сондай-ақ гүлзарлар орнату жоспарланған.

    Инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңарту және тұрғындардың бастамаларын қолдау заманауи әрі қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл Самар ауданын тұрғындар үшін жайлы, ал қонақтар үшін тартымды мекенге айналдыруға ықпал етеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Самар ауданының әкімдігі" жаңалықтары