Астанада биыл қандай ірі жол жобалары аяқталады

    1 / 9

    Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында биыл аяқталатын ірі жол жобалары туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    «Елорданың жол-көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту жұмысын жүргізіп жатырмыз. Биыл 50-ге жуық жол нысанында жұмыс жүріп жатыр, оның аясында жыл соңына дейін тағы 15 шақырым жол салынады.

    Бұл қаланың көлік қозғалысын жақсартып, көлік жиі қатынайтын жол учаскелеріндегі кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.
    «Тәуелсіздік көшесінің Қабанбай батыр даңғылынан Хусейн бен Талал көшесіне дейінгі құрылысы» жобасы бойынша инженерлік желілерді, нақтырақ айтқанда, нөсер кәрізі желісі мен шаруашылық-тұрмыстық кәріз жүйесін, кабельдік арнаны, жылу трассасын және байланыс желілерін, сондай-ақ кәріз сорғы станциясын (КСС) салу жұмысы жүріп жатыр.

    Қазіргі уақытта жол төсемін салу жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

    Аталған жобаны іске асыру Мәңгілік Ел мен Тұран даңғылдарындағы көлік кептелісін азайтуға, сол сияқты сол жағалаудағы құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатқан Хусейн бен Талал көшесі аумағын қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру қажеттілігі осы аумақта құрылыс жұмысының қарқынды жүргізілуіне және оның одан әрі дамуына, соның ішінде жаңа нысандардың, атап айтқанда, «Мега» сауда-ойын-сауық орталығының салынуына байланысты туындап отыр.

    Қараша айының соңына дейін учаскенің бойында жолдың бір жағымен көлік қозғалысын толықтай қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.

    Жангелдин көшесінің құрылысы К. Күмісбеков және Ш. Бейсекова көшелерінің арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етеді, сол сияқты №65 мектеп-гимназиясына, техникалық колледжге және «Білім-Инновация» мектеп-интернатына көлікпен жетуді ыңғайлай түседі. Қазіргі уақытта инженерлік желілерді жүргізу және жол төсемін салу жұмысы жүріп жатыр. Биыл 10 қарашаға дейін жобаның барлық учаскесінде көлік қозғалысын қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.

    «Н. Тілендиев даңғылы мен Ш. Бейсекова көшесінің қиылысында екі деңгейлі жолайрық салу» жобасы аясында құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Көпірдің металл конструкциясын құрастыру жұмысы толық аяқталды. «Астықжан» сауда үйі жағындағы учаскеде асфальтбетон жабынының екінші қабатын төсеу жұмысы аяқталды.

    Инженерлік коммуникацияларды тарту бойынша негізгі жұмыстың 90%-ы аяқталды. Су құбыры, шаруашылық-тұрмыстық және нөсер кәрізі желілері, жылу желілері мен байланыс желілері салынды.

    Сонымен қатар, Сейфуллин көшесі жағында да жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі уақытта жол төсемін салу және асфальт төсеу үшін негіз дайындау жұмысы атқарылуда, сондай-ақ инженерлік желілерді жүргізу жұмысы жүріп жатыр.
    Аталған жобаны іске асыру Ақан сері, Ш. Қосшығұлұлы және К. Күмісбеков көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтуға, сондай-ақ Көктал мен Агроқалашық елді мекендерінің тұрғындары үшін көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жаңа жолайрық елорданың сол жағалауы мен Ш. Айтматов көшесі арқылы Үркер елді мекеніне апаратын бағыттағы қаланың оң жағалауын байланыстыратын көлік қозғалысын жақсартады.

    «Тілендиев даңғылынан Бейбарыс Сұлтан көшесіне дейінгі учаскеде Абайдың 150 жылдығы көшесін салу» жобасы іске асырылып жатыр. Қазіргі уақытта жол төсемін салу жұмысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін көлік қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

    «Пригородный елді мекеніндегі көшелерді салу. Местная 7 және Е522 көшелері (жобалық атаулары)» жобасы аясында Е522 көшесінде нөсер суы кәрізі салынды. Қазіргі уақытта су құбыры желілерін салу және жол төсемі жұмысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта асфальтбетон жабынының төменгі қабатының 600 метріне асфальт төселді. Қазан айының соңына дейін Е522 көшесінде көлік қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

    Елорданың барлық ауданында жол жөндеу және құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Мердігер ұйымдарға белгіленген мерзімдерді қатаң сақтау және тиісті сапада орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды», - деп жазды Жеңіс Қасымбек.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары