Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмектің жекелеген түрлерін тағайындауда бұрынғы санаттарға бөлу тәсілінен бас тартып, отбасылардың нақты мұқтаждығын бағалауға көшу бойынша өңірлерде түсіндіру жұмыстарын бастады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барып, жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне арналған семинар өткізді.
Семинарда алдағы өзгерістер, отбасының әл-ауқат деңгейін бағалау тәртібі және Отбасының цифрлық картасын қолдану мәселелері талқыланды. Жаңа тәсіл бойынша отбасының табысы, жұмыспен қамтылуы, мүлкі және басқа да жағдайлары ескеріледі. Яғни, шешім бір ғана көрсеткішке қарап қабылданбайды.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін өзгерістер әлеуметтік қолдаудың жекелеген түрлеріне қатысты болады. Зейнетақымен қамсыздандыру тәртібі өзгеріссіз қалады. Негізгі мақсат мемлекеттік көмекті шын мұқтаж азаматтарға бағыттау.
Семинарға қатысушылар әлеуметтік көмекті нақты мұқтаждыққа қарай көрсету қағидатын қолдап, алдағы өзгерістердің мәнін халыққа ашық әрі түсінікті етіп жеткізу маңызды екенін атап өтті.









