Астана қаласында өңірлік жастар ресурстық орталықтарының (ЖРО) басшыларына арналған «Кәсіби даму академиясы» атты үш күндік оқыту семинар-тренингі аяқталды.
Оқыту жастар саясаты саласындағы басшылардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, кәсіби білігін арттыруға және жастармен жұмыс істеудің тиімді тәсілдерін меңгеруге бағытталды.
Семинар-тренинг барысында қатысушылар ұжымды басқару, әлеуметтік жобалар әзірлеу және жастармен жұмыста инклюзивті тәсілдерді қолдану бойынша білімін жетілдіріп, тәжірибелік дағдыларын дамыта түсті.
Академияның екі кезеңнен тұратын оқу бағдарламасына Қазақстанның барлық өңірінен 80-нен астам ЖРО басшысы қатысты. Оқуды аяқтаған қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Қазір Қазақстанда 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Оның 17-сі – облыстық, 37-сі – қалалық, 181-і – аудандық орталық. Олар мемлекеттік жастар саясатын іске асырып, жастарға ақпараттық, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетеді. Бұдан бөлек, жастардың бастамаларын жүзеге асыруға және қоғам өміріне белсенді араласуына көмектеседі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









