Қазақстанда скринингтерден уақтылы өтуге, вакцинациялау туралы мәліметтерді тексеруге және көрсетілген медициналық қызметтерді растауға арналған жаңа цифрлық сервистер енгізілуде. 19 қазаннан бастап скринингтер туралы SMS-хабарламалар жіберу пилоттық жобасы іске қосылады, ал ағымдағы жылдың 26 қазанынан бастап еліміздің барлық өңірінде жүргізілген екпелер туралы хабарламалар жіберу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
19 қазаннан бастап Ақмола облысында, Абай және Ұлытау облыстарында 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы скринингтерден өту қажеттігі туралы жеке SMS-ескертулер жіберу жоспарланған. Жүйе жүрек-қантамыр және онкологиялық ауруларды, қант диабетін, ми қанайналымының бұзылуын және вирустық гепатиттерді ерте анықтауды қоса алғанда, алты бағыт бойынша профилактикалық тексеруден өтуі қажет азаматтарды автоматты түрде анықтайды. Хабарлама алған азамат тексеруден өту үшін өзі тіркелген емханаға жүгіне алады.
Ағымдағы жылдың 26 қазанынан бастап еліміздің барлық өңірінде жүргізілген вакцинациялау туралы SMS-хабарламалар жіберу жоспарланып отыр. Екпе медициналық ақпараттық жүйеде тіркелгеннен кейін азаматқа немесе баланың заңды өкіліне вакцинаның түрі мен егілген күні көрсетілген хабарлама жіберіледі. Егер хабарламадағы мәліметтер шындыққа сәйкес келмесе, азамат 1414 нөміріне жауап хабарлама жіберу арқылы бұл туралы хабарлай алады. Ақпарат тексеру жүргізу үшін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жіберіледі.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтердің көрсетілгенін растауға мүмкіндік беретін пациенттерді цифрлық сәйкестендіру жүйесін кеңейтуде.
Ағымдағы жылдың 7 қазанындағы жағдай бойынша тіркелген 135,9 млн қабылдаудың 73%-ы цифрлық сәйкестендіруден өткен.
Қазіргі уақытта бұл тетік медициналық қызметтің 1 278 түрін қамтиды. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан бастап тізімді консультациялардың, диагностикалық зерттеулер мен медициналық емшаралардың тағы 736 түрімен толықтыру жоспарланып отыр.
Цифрлық сервистерді енгізу профилактикалық тексерулердің қолжетімділігін арттыруға, пациенттердің құқықтарын қорғауға, медициналық деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуге және денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың ашықтығын күшейтуге бағытталған.









