Абай облысының студент жастары радикализмге қарсы

    Өңірдегі жастардың құқықтық және діни сауаттылығын арттыру, деструктивті идеологияларға қарсы иммунитетін қалыптастыру және қоғамдық келісім мен тұрақтылық құндылықтарын насихаттау мақсатында Абай облысының бірқатар колледждерінде студент жастармен терроризм мен діни радикализмнің алдын алу мәселелеріне арналған кездесулер өткізілді.

    Жиын барысында мамандар терроризм мен экстремизмнің қоғамға төндіретін қауіптері, жастарды радикалды ағымдарға тарту тәсілдері мен олардың алдын алу жолдары туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде таралатын күмәнді ақпараттарға сын көзбен қарау, діни сауаттылықты арттыру маңыздылығы мен дәстүрлі құндылықтарды сақтау мәселелері кеңінен түсіндірілді.

    Кездесу ашық диалог форматында өтіп, жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Қатысушылар арасында пікір алмасу ұйымдастырылып, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтауда әр азаматтың жауапкершілігі ерекше атап өтілді.

    «Шынымды айтсам, бұған дейін радикализм мен терроризм туралы тек жаңалықтан ғана көретін, бізге қатысы жоқ тақырып сияқты болатын. Бүгінгі кездесуде мұндай қауіп-қатер кейде интернеттегі қарапайым таныстықтан немесе күмәнді топтарға қосылудан басталуы мүмкін екеніне көзім жетті. Осындай жиындар пайдасын әкеледі деп ойлаймын, өзім үшін біраз нәрсені білдім» - дейді колледж студенті Ернар Қасымов.

    Сондай-ақ, студенттерге Қазақстан Республикасының экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптары түсіндіріліп, заң талаптарын сақтау мен азаматтық жауапкершіліктің маңызы айтылды.

    Мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері жастардың рухани және құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, экстремизм мен терроризм идеологияларына қарсы тұру қабілетін нығайтуға және қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтауға бағытталған маңызды профилактикалық жұмыстардың бірі. Іс-шаралар студенттердің саналы көзқарасын қалыптастырып, олардың қауіпсіз әрі тұрақты қоғам құруға қосатын үлесін арттыруға ықпал етеді.

    Материал Абай облысы бойынша ТҚКаппаратының ақпараты негізінде дайындалды

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы" жаңалықтары