«Штадлер Қазақстан» зауытында Ашық есік күні өтті

    1 / 3

    14-15 қазанда елорданың №1 Индустриялық паркінде орналасқан «Штадлер Қазақстан» ЖШС зауытында қазақстандық жеткізушілерге арналған алғашқы Ашық есік күні өтті. Іс-шараға еліміздің түрлі өңірінен 36-дан астам компания шақырылды. Қатысушылар арасында Stadler жобасына қажетті бөлшектерді жеткізіп жүрген компаниялар, сондай-ақ аудит пен валидациядан сәтті өтіп, жеткізілім көлемін келісу кезеңіндегі кәсіпорындар болды. Бұған қоса, іс-шараға зауыттың жаңа өндірістік цехтары ашылғаннан кейін қажетті өнімдер мен қызметтерді ұсына алатын кәсіпорындар да қатысты.

    Бүгінде Stadler Kazakhstan өндірісінен шыққан 85-тен астам жолаушылар вагоны «Жолаушылар тасымалы» АҚ балансына өткізілді. Астанадағы Stadler зауытында өндірістің негізгі технологиялық кезеңдері жолға қойылған: кәсіпорында болат шанақтарды дәнекерлеу және бояу, электр және вагон асты жабдықтарын шығару, арбашалар жасау, пневматикалық және электр жүйелерін монтаждау, сондай-ақ вагондардың барлық түрін шығару жұмыстары жүргізіледі.

    Қазір компанияда 650-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Жаңа цехтар үшін қосымша 100-ге жуық жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

    Stadler — теміржолға арналған жылжымалы құрам өндіретін әлемдегі ірі компаниялардың бірі. Компания жоғары сапалы өнімдерімен және заманауи технологиялық шешімдерімен танымал. Қазіргі таңда оның әлем бойынша 16 зауыты, 8 инженерлік орталығы және 95-тен астам сервистік орталығы бар.

    «Штадлер Қазақстан» ЖШС — Stadler тобының Азиядағы алғашқы өндірістік кәсіпорны. Компания 2023 жылы Қазақстан астанасында құрылған. 2022 жылдың соңында Stadler компаниясы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен жеке тапсырыс бойынша 557 жолаушылар вагонын өндіру және оларға сервистік қызмет көрсету жөнінде бірқатар келісімшарт жасасты. Жылжымалы құрамды жеткізу 2030 жылдың соңына дейін жалғасады. Сонымен қатар компания алдағы 20 жыл бойы вагондарға толық техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы" жаңалықтары