Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қазақтың көрнекті ақыны, сазгері әрі драматургі Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойы аясында өңірге келген ақынның ұрпақтары мен туған-туыстарын қабылдады.
Басқосуда облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бәкір Тәжібаевтың ұлттық мәдениет пен руханиятты дамытудағы еңбегіне жоғары баға бергенін айтты. Ақынның шығармашылық мұрасы халықтың рухани қазынасы екенін, оның өлеңдері, әндері мен драмалық шығармалары кейінгі ұрпаққа үлгі болып, ұлттық өнердің дамуына қызмет ете беретінін жеткізді.
Өз кезегінде қонақтар ғасыр той иесінің мұрасын құрметтеу және оның шығармашылығын насихаттауға көрсетіліп отырған қолдаудың маңызын сөз етіп, алғыстарын білдірді.
Шара соңында аймақ басшысы Бәкір Тәжібаевтың есімін ұлықтауға үлес қосып жүрген ақын, композитор, әнші Орал-Қосай Бәйсеңгірді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Айтып өтейік, мерейтой аясында облыста бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Соның бірі – Бәкір Тәжібаевтың ескерткіш-мүсінінің орнатылуы. Сонымен қатар, ақынның шығармашылық мұрасына арналған «Ақбұлақ аға» кітабының тұсаукесері өтіп, спектакль-элегия және «Сөз бен саздың саңлағы» атты концерттік бағдарлама қала қонақтары мен тұрғындарының назарына ұсынылады.








