Диплом адалдықтан басталады

    Технологиялар, нақты алгоритмдер және адалдық мәдениеті: КарИУ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тәсілдерін қалай өзгертуде

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету туралы әңгіме көбіне тыйымдарға, нұсқаулықтарға және міндетті дәрістерге тіреліп жатады. Қарағанды индустриялық университетінде мұнымен шектелмеуді ұйғарды: алдын алу жұмыстарына студенттерді, оқытушыларды, ғалымдарды және мемлекеттік орган өкілдерін тартты, ал үйреншікті форматын цифрлық технологиялармен толықтырды.

    Жұмыс Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментімен, Ғылым және жоғары білім министрлігімен, құқық қорғау органдарымен және «Жаңару» РҚБ-мен бірлесіп жүргізілуде. Бұндай ынтымақтастық жекелеген акциялармен шектелмей, жастардың құқықтық сауатын арттырудан бастап білім беру ортасындағы ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға дейінгі жүйені құруға мүмкіндік береді.

    2026 жылы ҚарИУ Академиялық адалдық лигасының қатысушылары қатарына енді. Оқытушылар үшін практикалық семинарлар, соның ішінде қауіп-қатер тобындағы жасөспірімдермен және жастармен жұмыс істеу бойынша тренингтер өткізіледі. Студенттер прокуратура, полиция және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен кездесіп, пікірталастарға, квиздерге және өмірлік жағдайларды талдауға қатысады. Цифрлық және қаржылық қауіпсіздікке, жеке деректерді қорғауға, интернет-алаяқтыққа және жастарды қылмыстық схемаларға тарту әрекеттеріне ерекше көңіл бөлінеді.

    Басты қадамдардың бірі — «Smart Compliance: Заң мен тәртіп» инновациялық орталығының ашылуы болды. Ол ҚарИУ базасында «Жаңару» РҚБ-мен ынтымақтастықта құрылды. Орталықтың міндеті — жасалып қойған құқық бұзушылықтардың салдарымен күресу емес, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындауы мүмкін жағдайларды алдын ала байқау.

    Орталықтың ашылу күні «Комплаенстегі жасанды интеллект» атты дөңгелек үстел өтті. Әңгіме заманауи технологиялар ұйымдардың жұмысын қалай ашық ете алатыны және құқықтық тәртіпті нығайтуға қалай көмектесетіні төңірегінде өрбіді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Сәрсен, «Жаңару» РҚБ негізін қалаушы әрі құрметті төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, «Жаңару» РҚБ Кеңес төрағасы Мэлс Семғалиев, бірлестік төрағасының орынбасары әрі Ғылым және жоғары білім министрлігі Қоғамдық кеңесінің қазіргі төрағасы Бейбіт Мамраев өз пікірлерімен бөлісті.

    Қатысушылар құрамының өзі-ақ айтып тұр: жаңа алаң тек ішкі университеттік жоба ретінде емес, білім беру, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары тоғысатын орын ретінде қарастырылады.

    — Бұқаралық ұйым өкілдері ретінде біздің міндетіміз — сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдаманың негізгі ережелерін түсіндіру, іске асыру және қоғамға жеткізу. Тек бірлесе отырып қана нәтижеге қол жеткізе аламыз. Әрбір азаматтың тек мемлекет алдында емес, отандастарының алдында да жауапкершілігін сезінуі маңызды, — деп атап өтті Бейбіт Мамраев.

    Сонымен қатар AI-Compliance Bot — қауіптің қайда жасырынуы мүмкін екенін, қайда жүгіну керектігін және түсініксіз жағдайда қалай әрекет ету керектігін сыбырлайтын цифрлық көмекші таныстырылды. Студенттер үшін бұл өте маңызды: әрбір жас өз құқықтарын жақсы біле бермейді немесе басшылыққа бірден сұрақ қойып баруға дайын емес.

    Бирақ ең заманауи цифрлық құрал да тікелей қарым-қатынасты алмастыра алмайды. Сондықтан тағы бір ерекше формат «Шетелдік студенттерге арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы навигатор» болды. Жастарды академиялық адалдық ережелерімен таныстырып, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, оқу кезінде туындауы мүмкін жағдайларды бірге талдайды.

    — Студентке сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейтінін жай ғана айту жеткіліксіз. Оған әрекет етудің түсінікті алгоритмін беру керек: заң бұзушылықты қалай тануға болады, қайда жүгіну керек және өз құқықтарын қалай қорғау қажет. Адам ережелерді білсе және сұрақ қоюдан қорықпаса, теріс пайдалану мүмкіндіктері де азаяды, — дейді ҚарИУ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің басшысы Самал Ибрагимова.

    Шетелдік студенттер үшін мұндай кездесулер университет өміріндегі өзіндік жолбасшыға айналды. Басқа елде оқу әрдайым жаңа талаптармен, ережелермен байланысты және ол нақты сұрақтар қойып, күрделі заңды терминдерсіз жауап алуға мүмкіндік береді. Студенттердің белсенділігіне қарағанда, олар үшін ақпараттың өзі ғана емес, өздерін біреудің еститініне деген сенімділік те маңызды. Олар Қазақстанда заңдардың сақталуына қойылатын талаптардың қатаңырақ екенін де атап өтеді.

    Бұл жұмысқа студенттік өзін-өзі басқару органдары да белсенді түрде қосылды. Университетте 150-ден астам белсендінің басын қосатын «Sanaly Urpaq» клубы жұмыс істейді. Оның өкілдері ҚарИУ алқалы органдарының жұмысына қатысады, кездесулер өткізеді және құрдастарымен академиялық адалдық принциптері туралы сөйлеседі. Бұндай әңгіме мүлдем басқаша қабылданады: ақыл-кеңессіз және ресми ұрандарсыз.

    Диплом адалдықтан басталады

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырып жоғары оқу орнының ғылыми өміріне де енді. 16 сәуірде LVI Республикалық ғылыми-практикалық конференция аясында алғаш рет «Мемлекеттік басқарудағы «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы принциптері: академиялық адалдық және қоғамның парасаттылығы» атты бесінші секция өз жұмысын бастады.

    Жаңа секция ғалымдарды, оқытушыларды, мемлекеттік орган өкілдері мен студенттерді біріктірген пікірталас алаңына айналды. Қатысушылар «Жаңару» принциптерін енгізудің теориялық және практикалық аспектілерін қарастырды, үздік тәжірибелермен алмасты және қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалай арттыру керектігін талқылады.

    Ғылыми қауымдастық үшін бұл өте нақты мәселелер туралы айтуға мүмкіндік: әділ бағалауды қалай қамтамасыз ету, мүдделер қақтығысына жол бермеу, зерттеулердің сапасын сақтау және жастарға адал емес жолмен алынған нәтиже білімнің өзін құнсыздандыратынын түсіндіру. Оқытушылар академиялық адалдық — бұл қосымша талап немесе кезекті есеп беру науқаны емес екенін атап өтеді. Дипломға, университетке және тұтастай ғылымға деген сенім тікелей осыған байланысты.

    «Жаңару» секциясының пайда болуы конференция тақырыбын кеңейтті және тағы бір мәрте дәлелдеді: адалдық, ашықтық пен жауапкершілік тек университет ортасы үшін ғана маңызды емес. Бұл принциптерсіз мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуы мүмкін емес.

    Ақырындап сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс міндетті іс-шаралар тізбегі болуды қойып келеді. Ол университет өмірінің бір бөлігіне айналуда, онда технологиялар тәуекелді уақытында көруге көмектеседі, мамандар түсінікті түсініктемелер береді, ал студенттер тысқары бақылаушы болып қалмайды. Өйткені ЖОО-дағы адалдық — бұл тек заңды сақтау емес. Бұл — білімді әділ бағалау, оқытушыға деген сенім және ережелердің бәріне бірдей екендігіне көз жеткізу.

    Бақыт Жаутиков,

    «Жаңару» РҚБ Қарағанды филиалының директоры

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "«Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ" жаңалықтары