Азаматтық қорғау подполковнигі Айнұр Болатқызы Сыздықова азаматтық қорғау органдарында 2012 жылдың ақпан айынан бері қызмет атқарып келеді. Ол 2020 жылдың қараша айынан бастап қазіргі лауазымында еңбек етіп, төтенше жағдайлардың алдын алу және жедел әрекет ету бағытында жауапты міндеттерді орындап келеді.
Қызмет барысында өзін тәртіпті, жауапкершілігі жоғары әрі кәсіби білікті маман ретінде танытқан. Басшылық тапсырмаларын уақтылы әрі сапалы орындап, қызметтік міндеттеріне мұқият қарайды. Кәсіби білімін үнемі жетілдіріп, төтенше жағдайлар саласындағы тәжірибесін арттыруға ерекше мән береді.
Жедел әрекет ету және үйлестіру жұмыстарында Айнұр Сыздықова маңызды рөл атқарады. Кезекшілік барысында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен оқиғалар туралы ақпараттарды тәулік бойы қабылдау, өңдеу және тиісті органдарға жедел жеткізу жұмыстарын қамтамасыз етеді.
2024 жылдың басынан бастап оның қатысуымен 220 жедел және 2 арнайы ақпарат дайындалған. Сонымен қатар 127 рет ТЖ-1 нысаны толтырылып, азаматтардан «112» желісіне түскен 1 500 қоңырау бойынша тиісті шешімдер қабылданған.
Бұдан бөлек, іздестіру-құтқару жұмыстарына белсенді қатысып, полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды үйлестіруге атсалысқан. Нәтижесінде іздестіру жұмыстары барысында екі адам құтқарылып, 49 авариялық-құтқару жұмысының жедел жүргізілуі қамтамасыз етілген.
Айнұр Болатқызы халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу шараларына да қатысып, Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп өткізілген оқу-жаттығу барысында белсенділік танытқан. Өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мадақтамасымен марапатталған.
Ол қызметтік әдеп нормаларын сақтап, әріптестерімен сыпайы қарым-қатынас орнатады. Ұжымдық жұмыстарға белсенді араласып, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
Азаматтық қорғау саласындағы көпжылдық тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі Айнұр Болатқызының төтенше жағдайларға жедел әрекет ету және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбегінің маңызын айқындайды.









