2026 жылғы 15 қазанда Министрліктің Әдеп жөніндегі уәкілі Заң департаментімен бірлесіп мемлекеттік қызметшілерге арналған семинар өткізді.
Семинар жол жүрісі қағидалары мен қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ жолдарда және қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау мәдениеті мәселелеріне арналды.
Семинар спикері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік жауапкершілік комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Кишкенов Талғат Бақытбекұлы болды. Семинар барысында ол Қазақстан Республикасы бойынша жол жүрісі қағидаларын бұзу деректеріне қатысты статистикалық мәліметтерді ұсынып, осы саладағы жаңашылдықтармен, оның ішінде жол жүрісі қағидаларын бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйелерін қолдану мәселелерімен таныстырды.
Жолдарда және қоғамдық орындарда әр адамның өзін-өзі ұстау мәдениетін арттыру, белгіленген қағидаларды сақтауға жауапкершілікпен қарау және оларды бұзудың, соның ішінде қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін салдарын түсіну қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Алкогольдік немесе өзге де масаң күйде көлік құралын басқаруға жол берілмейтіні атап өтілді, өйткені мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың және айналасындағылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.
Сонымен қатар спикер семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.









