Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел-құтқару жасағының кинологиялық бөлімшесін Алмас Түйтеұлы Жандаулетов басқарады. Ол қызметтік иттермен бірлесе отырып, іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысып, адам өмірін сақтауға бағытталған маңызды міндеттерді атқарып келеді.
Кинологиялық есептоптың басты міндеті – төтенше жағдайлар кезінде жоғалған адамдарды іздестіру, құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыру және зардап шеккендерді мүмкіндігінше қысқа мерзімде табуға көмектесу. Бұл бағыттағы жұмыс қызметтік иттердің арнайы дайындығын, тұрақты жаттығуын және кинолог маманмен үйлесімді әрекет етуін талап етеді.
Алмас Жандаулетовтің қызметтегі сенімді серігі – «Зена» есімді неміс овчаркасы. Күшік кезінен арнайы дайындықтан өткен Зена алты жылдан астам уақыт бойы кинологиялық есептоп құрамында қызмет етіп келеді. Осы уақыт аралығында Түркістан облысының бірнеше ауданында өткен іздестіру-құтқару операцияларына қатысып, өзінің іздестіру қабілетін көрсетті.
Кинологиялық есептоптың кәсіби дайындығы 2024 жылы өткен «Қазқұтқару-2024» республикалық оқу-жаттығуында да жоғары бағаланды. Аталған іс-шараға қатысқан 18 команданың арасынан Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел-құтқару жасағының командасы үздік шығып, бас жүлдені иеленді. Жеңімпаздар мақтау қағазы және кубокпен марапатталды.
Кинологиялық бөлімшенің жұмысы – кәсібилік пен жауапкершілікті, үздіксіз дайындық пен өзара сенімді талап ететін қызмет. Оның басты мақсаты – төтенше жағдайлар кезінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, адам өмірін сақтап қалуға үлес қосу.









