«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МУЗЕЙ-ҚОРЫҒЫНДА АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМНІҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

    1 / 4

    «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Ясауи музейінде балаларға арналған «Ясауи атамыздың шын қазынасы» анимациялық фильмінің тұсаукесері өтті. Шараны музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов ашып, Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын жас ұрпаққа заманауи әрі түсінікті форматта таныстырудың маңызын атап өтті.
    Іс-шарада музей-қорық директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, ясауитанушы ғалым Досай Кенжетай, археолог-ғалым, музей ардагері Марат Тұяқбаев, Turkistan TV телеарнасы Ақпараттық-сараптамалық хабарлар дирекциясының директоры Ғани Қалмаханов және Қазақстанның құрметті журналисі Роза Нарымбетова сөз сөйлеп, жобаның тәрбиелік мәніне тоқталды. Сондай-ақ фильмнің алдағы уақытта жалғасын тауып, көпсериялы туындыға айналатынына сенім білдірді.
    Анимациялық фильмнің авторы – Ясауитану ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Сұлтан Байсейіт. Бұл жоба жасанды интеллект көмегімен әзірленіп, еліміздегі музейлер арасында алғаш рет көрерменге ұсынылып отыр. Туынды орталықтың Ғылыми жарияланымдар және медиакоммуникация бөлімі қызметкерлерінің бірлескен еңбегі нәтижесінде жарық көрді.
    Көрермендер фильмді ерекше қызығушылықпен тамашалады. Туынды балаларға ғана емес, ересектерге де ой салып, Ясауи мұрасының терең мәнін ұғынуға жол ашты. Көрсетілімнен кейін оқушылар ұлы ойшылдың өмірі мен рухани мұрасына қатысты сұрақтарға жауап беріп, арнайы сыйлықтарға ие болды.
    Жобаның басты мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын жас ұрпаққа жақын әрі түсінікті тілде жеткізу, оның хикметтеріндегі адамгершілік, мейірімділік, ізгілік, адалдық пен білімге ұмтылу құндылықтарын балалардың бойына сіңіру.
    Шара соңында балалар фильмнің мазмұны, кейіпкерлердің іс-әрекеті мен хикметтердің тәрбиелік мәні туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Музей-қорық ұжымы тарихи-мәдени мұраны дәріптейтін және жас ұрпақтың танымын кеңейтетін осындай ағартушылық жобаларды алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр.
    Азамат Әлібек, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының баспасөз хатшысы.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары