Жамбыл облысында 9 айда 206 мыңнан астам бактериологиялық зерттеу жүргізілді
Жамбыл облысының медициналық ұйымдарында жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын анықтау және ауруханалардағы тазалық талаптарының сақталуын тексеру жұмыстары тұрақты жүргізіледі.
2026 жылдың алғашқы 9 айында өңірдегі бактериологиялық зертханаларда 206 816 зерттеу жасалып, оның 17 267-сінен оң нәтиже анықталған.
Зертханаларда ішек инфекцияларын анықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Есепті кезеңде сальмонеллезге 45 704, ал шигеллезге 19 707 зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде 69 адамнан сальмонелла бактериясының 82 түрі, 378 адамнан шигелла бактериясының 438 түрі анықталды. Сондай-ақ энтеритті анықтау үшін алынған 4 052 сынаманың 799-ынан оң нәтиже тіркелді.
Бұдан бөлек, қанның стерильділігін тексеруге арналған 1 680 зерттеудің 129-ынан бактериялар анықталған. Қақырықтың 13 522 сынамасының 6 460-ынан, ал зәрдің 14 714 сынамасының 2 673-інен түрлі микроорганизмдер табылған. Мұндай зерттеулер инфекция қоздырғыштарын анықтап, дәрігерлерге тиісті емді таңдауға көмектеседі.
Медициналық ұйымдардағы санитариялық талаптардың сақталуы да бақылауда. 9 айда осы бағытта 37 107 зерттеу жүргізіліп, 132 жағдайда талаптарға сәйкессіздік анықталған. Оның ішінде 117 жағдай медициналық ұйымдардағы түрлі беттерден алынған сынамаларға, 15 жағдай ғимарат ішіндегі ауа сынамаларына қатысты. Ал медициналық құралдардың, тігіс және таңғыш материалдардың, операциялық алаң мен хирургтердің қолдарының тазалығын тексерген 9 627 зерттеуде ешқандай сәйкессіздік анықталмаған.
Сонымен қатар зертханаларда бактериялардың дәрілерге сезімталдығын анықтау үшін 17 016 тест жүргізілді. Бұл дәрігерлерге инфекцияға қарсы қандай препараттың тиімді екенін таңдауға мүмкіндік береді.
Жалпы, бактериологиялық зерттеулер жұқпалы ауруларды дер кезінде анықтауға, емдеуді дұрыс ұйымдастыруға және медициналық ұйымдарда санитариялық талаптардың сақталуын бақылауға бағытталған.








