Балалар алаңындағы ішімдік ішу: павлодарлықтар жауапқа тартылды

    Биыл күз мезгілінде қала тұрғындарына күн шуақты, жаймашуақ ауа райы сыйлап отыр. Күндіз балалар алаңдарында балғындардың шат күлкісі естілсе, кешке қарай орындықтарға жиналып, алкогольдік ішімдіктер ішетін компаниялар пайда болады.
    Азаматтардың ескертулеріне мұндай адамдар көбіне құлақ аспайды. Алайда балалар алаңында алкогольдік ішімдіктер ішу – заң талаптарын тікелей бұзу.
    Мәселен, Павлодар қаласының полициясына Павлов көшесіндегі үйдің тұрғыны хабарласып, балалар алаңында ер адамдардың алкогольдік ішімдіктер ішіп отырғанын және қала тұрғындарының ескертулеріне балағат сөздермен жауап беретінін жеткізген.
    Көрсетілген мекенжайға полиция қызметкерлері жіберіліп, алкогольдік масаң күйде болған үш ер адам ұсталды.
    Осыған ұқсас тағы бір шақырту Геринг көшесінің тұрғындарынан түсті.
    – Ауладағы орындықта жастар сыра ішіп, қатты сөйлеп, шулап отыр. Ал олардың жанында балалар ойнап, адамдар серуендеп жүр, – деп шағымданған әйел.
    Аталған екі факті бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олармен профилактикалық әңгіме жүргізілді, – деп хабарлады Павлодар облысының Полиция департаменті.
    Айта кету керек, 2026 жылдың басынан бері полиция қызметкерлері алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келудің 8 445 фактісінің жолын кесті.
    – Балалар алаңында алкогольдік ішімдіктер ішетін компанияның шу шығаруы – полицияға жүгінуге негіз болатын маңызды себептердің бірі. Мұндай хабарлама түскен кезде полиция қызметкерлері міндетті түрде оқиға орнына патрульдік жасақ жібереді. Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторына жүгінуге болады. Әсіресе, балалар алаңдарындағы мұндай басқосулар тұрақты түрде қайталанатын болса, учаскелік инспектор профилактикалық әңгіме жүргізіп, мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін түсіндіреді және айыппұл салады. Полицияға құқық бұзушылар алаңда болған уақытта тікелей хабарласқан жөн, – деп атап өтті полиция ведомствосында.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының Полиция департаменті" жаңалықтары