Ақтөбе облысында тағы бір ауқымды құрылыс: 5000 көрерменге арналған әмбебап спорт кешенінің құрылысы басталды

    1 / 10

    Кешен қаланың қалыптасып келе жатқан «Алтын Орда» әлеуметтік-іскерлік орталығында салынып жатыр.

    Жаңа арена ірі жарыстар, жаттығулар мен бұқаралық іс-шараларды өткізуге жол ашады. Құрылыс жұмыстарының барысымен облыс әкімі Асхат Шахаров танысты.

    Жоба аясында кәсіби спортшылар мен салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындарға арналған заманауи спорт кеңістігі құрылады. Кешен құрамына 5 мың көрерменге арналған орталық спорт аренасы, 50 метрлік жүзу бассейні, спорттық және көркем гимнастика, баскетбол мен волейбол залдары кіреді. Сондай-ақ жаттығу залы, йога және пилатеспен айналысуға арналған бөлмелер қарастырылған.

    Ғимараттың жалпы ауданы 31 мың шаршы метрден асады. Кешен 6,1 гектар аумаққа орналасады. Мұнда түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге және бірнеше спорт түрі бойынша тұрақты жаттығу жүргізуге жағдай жасалады.

    «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту және дене шынықтыру мен спортпен айналысуға жағдай жасау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұндай нысандардың құрылысы тұрғындарды белсенді өмір салтына тарту, кәсіби спортшыларды қолдау және түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, кешен сапалы салынып, белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі керек», - деді Асхат Шахаров.

    Қазіргі уақытта құрылыс алаңын қоршау, топырақтың құнарлы қабатын алу және қазаншұңқыр қазу жұмыстары аяқталған. Қазір мамандар геодезиялық жұмыстар жүргізіп, іргетас тақтасын орнатуға қажетті арматураны дайындап жатыр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" жаңалықтары