Астанадағы барлық мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға 5 жастағы балаларға арналған «Сарыарқа тану» бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама бүлдіршіндерді елорданың тарихымен, табиғатымен және мәдениетімен таныстырып, туған жерге сүйіспеншілік пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар балабақшаларда балалардың Қазақстанның өзге өңірлерін танып-білуіне және зерттеуге қызығушылығын арттыруға арналған «ELTANU» эксперименттік алаңы жұмыс істейді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бағдарлама мазмұны Сарыарқа өңірі мен Астана қаласының тарихын, табиғатын және мәдениетін өзара сабақтастықта таныстыруға негізделген. Балалар Сарыарқаның ежелгі мекен ретіндегі ерекшеліктері мен өңірден шыққан танымал тұлғалар туралы жасына сай мағлұмат алып, Туған өлкенің өсімдіктері мен жануарлар дүниесін, өзен-көлдерін, Есіл өзені мен елорда саябақтарын танып, ауа райының маусымдық өзгерістерін бақылау арқылы табиғатқа ұқыпты қарауға үйренеді.
Астана қаласына арналған тақырыптар аясында тәрбиеленушілер елорданың қалыптасуы мен дамуы, аудандары, оң және сол жағалауы, алғашқы және басты көшелері туралы түсініктерін кеңейтеді. Сонымен қатар қаланың сәулетті ғимараттары, тарихи-мәдени ескерткіштері, көне нысандары, музейлері мен театрлары, сияқты қызықты орындарымен танысып, Елордада қалыптасқан дәстүрлерді зерделейді.
Бағдарламаны жүзеге асыруда оның мазмұнын күн тәртібіне кіріктіру тәсілі тиімді қолданылады. Таңғы қабылдау, серуен, ойын, бейнелеу әрекеті мен ертегі тыңдау барысында бағдарлама элементтері жүйелі түрде енгізіледі. Мысалы, серуен кезінде табиғат құбылыстарын бақылау, ал бейнелеу әрекетінде Сарыарқа табиғатының суретін салу балалардың танымдық және шығармашылық қабілеттерін арттырады. Сонымен қатар ұйымдастырылған іс-әрекеттерде бағдарлама мазмұнын меңгерту үшін ойын технологиялары мен шығармашылық тапсырмалар кеңінен қолданылады. Балалар сурет салу, жапсыру және әңгіме құрастыру арқылы өз ойларын еркін жеткізуге үйренеді. Бұл жұмыстар олардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, өзіндік пікірін білдіру дағдысын жетілдіреді.
Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде балалардың туған жер туралы танымдық түсініктері кеңейіп, олардың қоршаған ортаға деген қызығушылығы артады. Тәрбиеленушілер Сарыарқаның табиғи ерекшеліктерін, Астана қаласының көрікті жерлерін танып, табиғатты қорғау жолдары туралы өз ойларын жеткізе алады. Сонымен қатар олардың бойында туған жерге деген мақтаныш, жауапкершілік және елжандылық сезімдері қалыптасады.
Бағдарлама аясында балабақшаларда «ELTANU» эксперименттік алаңы енгізілді. «ELTANU» бағдарламасы балалардың Қазақстанның кең-байтақ жерін, табиғатын, тарихы мен мәдениетін танып-білуіне, зерттеуге қызығушылығын арттыруға бағытталған. Туған өлкеден бастау алған танымдық ізденіс еліміздің өзге өңірлерімен танысуға ұласып, балалардың дүниетанымын кеңейтуге, ұлттық мұраға құрметі мен Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.









