Жол қауіпсіздігі: Талдықорған полициясы 9 айдағы жұмыс қорытындысын шығарды

    Жыл басынан бері Талдықорған қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарды анықтау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

    Тоғыз айдың қорытындысы бойынша полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзудың 19 мыңнан астам дерегін анықтап, жолын кесті. Әсіресе, мас күйде көлік басқарған жүргізушілерге ерекше назар аударылады. Осы кезеңде алкогольдік масаң күйде көлік басқарған 116 адам жауапкершілікке тартылды.

    Сонымен қатар, 343 көлік құралы арнайы тұраққа қойылып, 194 мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі тәркіленді.

    Қоршаған ортаға қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылықтардың жолын кесуге де баса мән беріледі. Жыл басынан бері көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде қайта көлік басқарудың 5 дерегі анықталды.

    Әрбір көрсеткіштің артында жол апаттарының алдын алуға және адам өмірін сақтауға бағытталған жұмыс тұр. Мас күйде көлік жүргізу жүргізушінің өзіне ғана емес, жол қозғалысының өзге де қатысушыларына нақты қауіп төндіреді.

    Патрульдік полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет атқарып, қауіпті жүргізушілерді анықтау және жолдардағы тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда.

    Полиция ескертеді: мас күйде көлік тізгініне отырмаңыз, жол қозғалысы ережелерін сақтаңыз және жол қауіпсіздігі әрқайсымызға байланысты екенін ұмытпаңыз. Ешбір сапар адам өмірінен қымбат емес!

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облысының Полиция департаменті" жаңалықтары