Есірткі полицейлері Көкшетаудағы бес студенттік жатақханаға барды

    Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 600-ге жуық студенті Ақмола облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының және университет әкімшілігінің қызметкерлері ұйымдастырған профилактикалық іс-шаралардың қатысушылары болды.
    Профилактикалық жұмыс аясында есірткі полицейлері Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген студенттер тұратын оқу орнының барлық бес жатақханасына барды.
    Негізгі міндет-белгіленген тұру ережелерінің сақталуын тексеру ғана емес, сонымен қатар есірткіні сақтау мен таратудың ықтимал фактілерін ескерту, сондай-ақ жастарға есірткі қылмыстарына араласпау қажеттігін айту.
    Студенттермен кездесу барысында жастар неліктен жеңіл табыс ұсыныстарына келісетінін, курьер ретінде жұмыс істеу туралы хабарландырулардың артында қандай қауіптер бар екенін, есірткіні таратуға қатысу әрекетін қалай тануға болатынын және осындай ұсыныспен өзіне немесе таныстарына жүгінген жағдайда не істеу керектігін талқылады.
    Студенттер ынтамен тыңдап, талқылауға белсенді қатысты, сұрақтар қойып, пікірлерімен бөлісті және полицейлермен бірге өмірлік жағдайларды талқылады. Мұндай сенімді әңгімелер есірткіні сақтау және өткізу үшін құқықтық жауапкершілік туралы ғана емес, сонымен қатар жастардың кейде болашағына балта шабылатын шешімдер қабылдауының себептері туралы да айтуға мүмкіндік берді.
    Кинологтардың қызметтік-іздестіру иттерімен жұмысы студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Рейдтік іс-шаралар барысында олардың қатысуымен жатақханалардың тұрғын және тұрмыстық үй-жайларын аралау жүргізілді.
    Сонымен қатар, полицейлер балаларға шағын практикалық демонстрация ұйымдастырды. Студенттерге есірткі затының арнайы иісін жасыратын орынды таңдау ұсынылды, содан кейін қызметтік ит іздеуге кірісті. Таңдалған баспанаға қарамастан, төрт аяқты көмекші тапсырманы сәтті орындап, қатысушылардың шынайы қуанышы мен қошеметіне бөленді.
    Барлығы бес рейдтік іс-шара барысында профилактикалық жұмыстармен 600-ге жуық студент қамтылды.
    Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының хабарлауынша, мұндай кездесулер студенттік ортада профилактиканы күшейтіп қана қоймай, жастармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Өйткені, жауапкершілік туралы ескертіп қана қоймай, жастарды қауіпті уақытында тануға, күмәнді ұсыныстарға берілмеуге және өз болашағының пайдасына саналы таңдау жасауға үйрету маңызды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының Полиция департаменті" жаңалықтары