Таразда полицейлер 300 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіледі

    Таразда полицейлер 300 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіледі

    Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен 26 жастағы әйелді ұстады.

    Жеке тінту барысында оның сөмкесі мен киімінің қалтасынан ұнтақ тәрізді зат салынған 148 орама табылды. Ал жалдамалы пәтерді тінту кезінде осыған ұқсас зат салынған тағы 98 орама мен бір пакет тәркіленді. Сонымен қатар электронды таразылар, zip-пакеттер және оқшаулағыш таспа анықталды.

    Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген альфа-PVP психотроптық затының жалпы салмағы 304,55 грамды құрады. Бұл аса ірі мөлшерге жатады.

    Алдын ала мәліметтер бойынша, күдікті интернет арқылы белгісіз адаммен байланысқа шығып, одан заңсыз табыс табу туралы ұсыныс алған. Мессенджер арқылы берілген нұсқауларға сәйкес, ол психотроптық заттарды бөліп орап, Алматы және Тараз қалаларында таратуға қатысқан деген күдікке ілінді.

    Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

    Полиция ескертеді: есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысының Полиция департаменті" жаңалықтары