Түркістан облысында полиция қызметкерлері заңсыз граффитилерді анықтап, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Осы бағытта Сарыағаш аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Жастар орталығының еріктілерімен бірлесіп, тұрғын үйлер мен түрлі нысандарды аралады. Нәтижесінде қабырғалардан заңсыз салынған 38 граффити жазуы анықталып, өшірілді.
Олардың қатарында жеңіл жолмен ақша табуға шақыратын, Telegram мессенджеріндегі топқа сілтемесі мен ақша сомасы көрсетілген жазулар да бар.
Полиция қызметкерлері заңсыз жазуларды жоюмен қатар, азаматтарға қоғамдық орындарды бүлдірудің құқықтық салдарын түсіндіріп, вандализмнің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізді.








