Астана қаласында өткен дәстүрлі «Жарнама — тіл тазалығының көрінісі» атты республикалық байқау өз мәресіне жетті.
Бұл байқау мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінін сауатты ресімдеу жолдарын насихаттау, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын өткізіліп келеді.
Аталған байқау облыс көлемінде ағымдағы жылдың тамыз айында өткізіліп, республикалық кезеңге өңірден 8 үміткердің жұмысы жолданды. Республикалық байқаудың қорытындысы бойынша жүлделі І орын «Зенченко и К» КС бұйырса, ІІ орынды тіл жанашыры Денис Ершов иеленді. Ал ынталандыру жүлдесі Ақжар ауданындағы «Lashyn Hall» мейрамханасына табысталды.
Сонымен қатар өткен жылы да аталған республикалық байқауда Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері жоғары нәтиже көрсеткен болатын, жарнама мәтіндерін әзірлеумен айналысатын «Три Арт» ЖШС және заң талаптарына қайшы орналастырылған жарнамаларды анықтап, оларды түзету жұмыстарына белсене атсалысып жүрген «Рух.Тіл.Жаңғыру» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тоқпан Әнуар байқаудың жүлделі ІІ орынға ие болды.
Жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймыз! Мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіреміз!








