Балалар қауіпсіздігі — ерекше бақылауда: Абай облысында жоғалған балалардың барлығы табылды

    Абай облысының полициясы балалардың жоғалуына қатысты әрбір хабарламаны ерекше бақылауға алады. Хабарлама түскен сәттен бастап іздестіру жұмыстары дереу басталады.

    Жыл басынан бері полицияға балалардың жоғалуына байланысты 500-ден астам хабарлама келіп түскен. Оның 220-сы «102» арнасы арқылы қабылданған. Іздестіру шараларының нәтижесінде барлық бала табылды.

    Бұқаралық іс-шаралар кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Концерттер өтетін күндері ата-анасынан көз жазып қалған балалар туралы тәулігіне 10–15 хабарлама түседі. Әрбір хабарлама бойынша полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізеді.

    Алакөл жағалауында демалыс кезінде жоғалған 120 бала полиция қызметкерлерінің көмегімен табылып, жақындарына тапсырылды.

    Полиция ата-аналар мен заңды өкілдерді балаларды қараусыз қалдырмауға, әсіресе адам көп жиналатын орындарда және су айдындары маңында олардың қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырады. Балаларға адасып қалған жағдайда полиция қызметкерлеріне жүгіну қажеттігін алдын ала түсіндіру маңызды.

    Бала жоғалған жағдайда уақыт жоғалтпай, «102» нөміріне хабарласу қажет. Оның сыртқы келбеті, киген киімі және соңғы рет көрген орны туралы мәлімет беріп, соңғы фотосуретін ұсынған жөн.

    Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — полиция қызметінің басым бағыттарының бірі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының Полиция департаменті" жаңалықтары