Қазақстан мен Филиппин арасында саяси консультациялардың екінші раунды өтті

    1 / 4

    Астана, 2026 жылғы 13 қазан – Қазақстан Республикасы мен Филиппин Республикасы сыртқы істер министрліктері арасында сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде саяси консультациялардың екінші раунды өтті.

    Келіссөздер барысында ҚРеспубликасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Қазақстан мен Филиппин арасындағы қатынастардың оң серпінін атап өтіп, Астананың Маниламен саяси диалогты одан әрі нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

    Қазақстан тарапы Филиппин Республикасының Астанада өз Елшілігін ашу ниетін құптап, дипломатиялық өкілдіктің құрылуы екіжақты қатынастарға тың серпін беріп, екі ел арасындағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.

    Филиппин Республикасы Сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Лео Эррера-Лим Маниланың Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетуге және кең ауқымды бағыттар бойынша байланыстарды жандандыруға дайын екенін растады.

    Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құру перспективаларына және екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды жандандыруға ерекше назар аударды. Энергетика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, туризм және әуе қатынасы салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

    Сонымен қатар, тараптар визалық талаптарды өзара жеңілдету және екіжақты ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасын одан әрі жетілдіру мәселелерін қарастырды.

    Консультациялар қорытындысы бойынша тараптар сыртқы істер министрліктері арасындағы тұрақты диалогты жалғастыруға, қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға және Қазақстан мен Филиппин арасындағы қатынастарды одан әрі нығайтуға жәрдемдесуге ниетті екендерін растады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі" жаңалықтары