Әлеуметтік желідегі тікелей эфир санаулы минут ішінде жүздеген көрермен жинауы мүмкін. Алайда аудиториямен бірге әрбір айтылған сөз үшін жауапкершілік те артады.
Талдықорған қаласында полиция қызметкерлері әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында TikTok платформасындағы тікелей эфир кезінде айтылған былапыт сөздерді анықтады. Эфирге қатысушының жеке басы анықталды. Ол 27 жастағы жергілікті тұрғын Бейсембекова Маржан Саятовна болып шықты.
Жиналған материалдар сотқа жолданды. Істі қарау қорытындысы бойынша әйел ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған айыппұл салынды.
Полиция смартфон экраны адамның жауапкершіліктен жасырынуына мүмкіндік бермейтінін ескертеді. Тікелей эфир өз бөлмеңізден жүргізілсе де, жария кеңістік болып қала береді.
Интернеттегі еркін қарым-қатынас заң талаптарынан босатпайды. Сондықтан «Эфирге шығу» батырмасын баспас бұрын, желіде айтылған сөздің нақты салдары болуы мүмкін екенін естен шығармаған жөн.
Полиция әлеуметтік желі қолданушыларын қарым-қатынас мәдениетін сақтауға, айналасындағыларды құрметтеуге және жариялайтын контентіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.








