Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде әуе көлігінің ерекше қажеттіліктері бар жолаушылар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Кеңеске ҚР Көлік министрлігінің, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің, отандық әуе компаниялар мен әуежайлардың өкілдері, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен ерекше қажеттіліктері бар басқа да жолаушылардың мүдделерін білдіретін қоғамдық ұйымдар мен инклюзивті қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.
Кеңес барысында нормативтік талаптарды жетілдіру, ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсету статистикасы, сондай-ақ әуе компаниялар, әуежайлар мен қызмет көрсетушілер арасындағы өзара іс-қимылдың практикалық аспектілері қаралды. Әуежайлардың инфрақұрылым қолжетімділігін арттыру және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытындағы тәжірибелер таныстырылды.
Алматы халықаралық әуежайы мен Астана халықаралық әуежайының өкілдері ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсету саласында қолданылатын тәсілдер мен практикалық шешімдерді ұсынды.
Қатысушылар мүгедектер арбалары мен басқа да қозғалыс құралдарын тасымалдау ерекшеліктерін, оның ішінде оларды қауіпсіз тасымалдауды ұйымдастыру және әуе тасымалы процесіне қатысушылардың өзара іс-қимылын үйлестіру мәселелерін талқылады.
Кеңестің маңызды бөлігінің бірі инклюзивті қоғамдастық өкілдерінің мәселелері мен ұсыныстарын талқылауға арналды. Өздерінің практикалық тәжірибелерімен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның сарапшы-кеңесшісі Гүлнара Ахмолдина, «AUTISM KAZAKHSTAN» ұлттық қауымдастығының төрайымы, Аутизм жөніндегі Түркі мемлекеттері федерациясындағы Қазақстан Республикасының уәкілетті өкілі Нұрия Балтабайқызы, «ДОС» тәуелсіз өмір орталығы» мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігі төрағасының кеңесшісі Жаңагүл Ділжанова бөлісті. Ерекше қажеттіліктері бар жолаушылардың әуе көлігін пайдалану кезінде кездесетін өзекті мәселелері көтерілді.
Кеңеске қатысушылар мемлекеттік органдар, әуе компаниялар, әуежайлар және инклюзивті қоғамдастықтар өкілдері арасындағы жүйелі диалогты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте нормативтік талаптар мен қызмет көрсету рәсімдерін жетілдіру кезінде жолаушылардың өздерінің практикалық тәжірибесі мен нақты қажеттіліктерін ескеру маңызды.
Әуежай инфрақұрылымы мен қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен халықтың басқа да жүріп-тұруы шектеулі топтарына қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы жұмысты одан әрі үйлестіру және бірыңғай тәсілдерді әзірлеу мақсатында ҚР Көлік министрлігі Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың, әуежайлардың, авиакомпаниялардың және инклюзивті қоғамдастықтардың өкілдері қатысатын бірлескен жұмыс тобын құруға бастамашылық жасады.
Жұмыс тобы қолданыстағы талаптар мен қызмет көрсету тәжірибесіне талдау жүргізумен, проблемалық мәселелерді анықтаумен, ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеумен, сондай-ақ әуежай инфрақұрылымы мен қызметтердің қолжетімділігін арттыру және барлық мүдделі тараптар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындаумен айналысады.









