Астанада АЭС салу жобасын іске асыру үшін Қазақстанның ядролық инфрақұрылымын бағалауға дайындық бойынша АЭХА миссиясы өтуде

    1 / 2

    2026 жылғы 12–15 қазан аралығында Астанада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Қазақстанның ядролық инфрақұрылымына өзіндік бағалау есебін дайындауға және INIR (Integrated Nuclear Infrastructure Review) кешенді шолуының екінші кезеңіне дайындалуға қолдау көрсету жөніндегі бірлескен миссиясы өтуде.

    Жұмысқа АЭХА сарапшылары, Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның өкілдері қатысуда.

    Бірлескен жұмыстың негізгі мақсаты – өзіндік бағалау есебіне қатысты сарапшылардың ұсыныстарын талқылау, ұсынылған ақпаратты нақтылау және INIR миссиясына дайындық бойынша алдағы қадамдарды айқындау. Есеп ұлттық ядролық инфрақұрылымның қазіргі жай-күйін жүйелі түрде қарастыруға және АЭС салу жобасын табысты іске асыру үшін қосымша пысықтауды қажет ететін бағыттарды анықтауға мүмкіндік береді.

    Бағдарламада АЭХА-ның кезең-кезеңімен іске асыру тәсіліне сәйкес инфрақұрылымның 19 бағытын талқылау көзделген. Олардың қатарында ядролық және радиациялық қауіпсіздік, ядролық физикалық қауіпсіздік, заңнамалық және реттеуші база, қаржыландыру, кадрлық әлеуетті дамыту, мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл, электр желілерінің дайындығы және ядролық отын циклі бар.

    АЭХА-мен ынтымақтастық Қазақстанның атом энергетикасы бағдарламасын қауіпсіз әрі жауапты іске асыруға қажетті инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамытуға бағытталған. Сараптамалық қолдау өзіндік бағалау есебінің сапасын арттыруға және ұлттық ұйымдардың алдағы жұмысының басым бағыттарын нақтылауға ықпал етеді.

    Анықтама:INIR (Integrated Nuclear Infrastructure Review) – мемлекеттің сұрауы бойынша АЭХА жүргізетін ядролық инфрақұрылымның кешенді шолуы. Ядролық инфрақұрылым ұғымына тек құрылыс алаңы мен техникалық нысандар ғана емес, сонымен қатар атом энергетикасын дамытуға қажетті заңнама, қадағалау жүйесі, мамандар даярлау, қаржыландыру және қауіпсіздік шаралары да кіреді. Шолу осы 19 бағытты қамтиды және атқарылған жұмыстарды бағалауға, сондай-ақ одан әрі пысықтауды қажет ететін мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді.

    АЭХА-ның кезең-кезеңімен іске асыру тәсілінің екінші кезеңі – атом энергетикасын дамыту туралы шешім қабылданғаннан кейінгі дайындық кезеңі. Бұл кезеңде мемлекет алғашқы АЭС жобасын іске асыру үшін қажетті жағдайларды қалыптастырып, құрылысқа дайындалады. АЭХА сарапшылары осы дайындық деңгейін бағалауға және жетілдіруді қажет ететін бағыттарды айқындауға көмектеседі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі" жаңалықтары