Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік және қоғамдық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар нысанды аралап, құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Сапар барысында «Қаратау» тұрғын үй кешенінің, 7 қабатты 14 тұрғын үйдің, Рәміздер алаңының және жаңа заманауи жекеменшік емхананың құрылыс жұмыстары қаралды.
Алдымен қала әкімі 8,4 гектар аумақта орналасқан «Қаратау» тұрғын үй кешенінің құрылыс барысымен танысты. Кешен 5 қабатты 22 тұрғын үйден тұрады. Онда жалпы саны 880 пәтер бар. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының жалпы орындалу деңгейі 97 пайызға жеткен. Үйдің қасбетін қаптау, шатырын жабу және инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары толық аяқталған. Ішкі әрлеу мен абаттандыру жұмыстары 95 пайызға орындалған. Жуырда 53 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бұдан кейін қала әкімі «Астана» саябағын абаттандыру жобасы аясында салынып жатқан Рәміздер алаңының құрылысын көрді. Жалпы аумағы 20,2 гектарды құрайтын аумақта 4 гектар жерге Рәміздер алаңы, 8,9 гектарға саябақ және 7,3 гектарға аллея орналастыру көзделген. Жоба - тұрғындар мен қала қонақтарына демалуға, серуендеуге және бос уақытын тиімді өткізуге қолайлы.
Сондай-ақ, 7 қабатты 14 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары пысықталды. Қазіргі таңда нысандардың дайындық деңгейі 80 пайызды құрайды. Келісімшарт талаптарына сәйкес құрылысты қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Республика күніне орай «Отбасы банк» арқылы 194 пәтерді пайдалануға беру көзделіп отыр. Қала әкімі жаңа заманауи жекеменшік емхананың құрылысымен де танысты. Нысанның дайындық барысы мен тұрғындар үшін қолайлылығы қаралды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі









