Спорт, профилактика және қалаға жанашырлық: Астанада вандализмге қарсы акция өтті

    Елорда Байқоңыр ауданының Ататүрік саябағында орналасқан Fly Park скейт-алаңында құқық бұзушылықтардың алдын алуға, вандализмге қарсы күресуге және жастардың қалалық ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған профилактикалық акция өтті.
    Іс-шара Байқоңыр ауданының әкімдігі тарапынан Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қатысуымен «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Астана – есірткісіз қала» қалалық бастамасы аясында ұйымдастырылды. Сонымен қатар іс-шараға Астана қаласы Полиция департаменті жанындағы Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшелері қатысты.
    Бағдарламаның жарқын сәттерінің бірі Fly Park алаңында скейтбордшылар мен велосипедшілердің көрсетілімдік өнер көрсетуі болды. Спорттық бағдарлама жастарға белсенді әрі пайдалы демалыстың мүмкіндіктерін көрсетіп, қатысушыларды салауатты өмір салты, қауіпсіздік және қоршаған ортаға құрметпен қарау идеялары төңірегіне біріктірді.
    Акция барысында полиция қызметкерлері профилактикалық әңгімелер өткізіп, қатысушыларға құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу, есірткіге байланысты құқық бұзушылықтарға тартылу қаупі, қалалық мүлікті бүлдіру және ғимараттарға, құрылыстарға, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымның өзге де нысандарына заңсыз жазулар жазудың жауапкершілігі туралы еске салды.
    Вандализмге қарсы іс-қимылға ерекше назар аударылды. Елорда аумағының абаттандыру талаптарын бұзатын граффити мен жазуларды анықтау, сондай-ақ оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылдау мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.
    Қаладағы тазалық пен тәртіп тек коммуналдық қызметтер мен құқық қорғау органдарының жұмысына ғана емес, әрбір тұрғынның саналы әрекетіне де байланысты. Қоғамдық кеңістіктерге, спорт алаңдарына, саябақтарға және қалалық инфрақұрылымның басқа да нысандарына құрметпен қарау жеке жауапкершіліктен басталады.
    Мұндай іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға ғана емес, жастар арасында заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді. Сонымен қатар бос уақытты белсенді, қызықты әрі пайдалы өткізуге болатынын көрсетеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының Полиция департаменті" жаңалықтары