Қауіпсіздік үйден басталады: Сарыарқа ауданында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде

    1 / 2

    Елордада тұрғын үй секторындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейдтік жұмыстар жүргізілуде.
    Іс-шара ағымдағы жылдың 5 қазан мен 5 қараша аралығында елорда аумағында өткізіліп, оның негізгі мақсаты – тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтармен өзара байланысты күшейту.
    Іс-шара аясында рейдтік жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында жеке құрамның қатысуымен саптық жиын өткізілді. Жиынды Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы полиция полковнигі Марат Өмірбаев өткізді. Жиынға полиция қызметкерлері мен волонтерлер қатысып, оларға профилактикалық жұмыстардың негізгі бағыттары мен қойылған міндеттер түсіндірілді.
    Рейд барысында полиция қызметкерлері тұрғын үй секторын аралап, жалдамалы үйлер мен хостелдерді, қонақүйлер мен жалға берілетін пәтерлерді тексеруде. Сонымен қатар профилактикалық есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты жерлері назарға алынып, тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бір күн ішінде Сарыарқа ауданында 45 үй тексерілді.
    Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда темекі өнімдерін тұтынуға қатысты заң талаптарының сақталуына бақылау жүргізіліп, 7 ойын-сауық орны тексерілді. Сондай-ақ 37 азаматтық қару иесінің қаруды сақтау қағидаларын сақтауына тексеру жүргізілді.
    Іс-шара барысында бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алуға да ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері азаматтарға мүлікті ұрлықтан қорғау бойынша 100-ден астам профилактикалық жадынама таратты.
    Сонымен қатар жеңіл және ірі габаритті автокөлік иелерімен аккумулятор батареяларының сақталуын қамтамасыз ету мәселесі бойынша 30-ға жуық профилактикалық әңгіме жүргізілді. Азаматтарға көлік құралдарын қараусыз қалдырмау, олардың мүлкін қорғауға бағытталған сақтық шараларын сақтау қажеттігі түсіндірілді.
    Рейдтік іс-шаралар барысында отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, ықтимал жанжалдарды уақтылы анықтауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жағдайлардың жолын кесуге ерекше мән беріледі.
    «Қауіпсіз үй» ЖПІШ аясында тұрғындармен кері байланысты нығайтуға да ерекше көңіл бөлінеді. Астана қаласы Полиция департаменті әзірлеген QR-кодтар арқылы азаматтар өз үйлері мен аулаларындағы қауіпсіздік мәселелері бойынша ұсыныстарын жолдай алады.
    Атап айтқанда, тұрғындар жарықтандыру, бейнебақылау камераларын орнату, қоғамдық тәртіпті сақтау және проблемалық учаскелерге қатысты мәселелерді көтере алады. Түскен ұсыныстар проблемалық мекенжайларды анықтауға және профилактикалық жұмыстарды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
    Полиция азаматтарды құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға, күмәнді жағдайлар туралы уақтылы хабарлауға және қауіпсіз ортаны қалыптастыруға белсенді атсалысуға шақырады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының Полиция департаменті" жаңалықтары