Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Нұрмұхамбетов Ғауез Торсанұлы Ғабит Мүсірепов ауданына жұмыс сапарымен келді
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғабит Мүсірепов ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралады.
Сапар аясында өңір басшысы «Ак Нан Север» ЖШС-нің құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ «Маслодел» ЖШС-не барып, «Қазақстан Бидайы» ЖШС-нің шикізатты сақтау, тазалау және кептіру жабдықтары орнатылған жарма мен үлпек өндіру зауытын аралады.
Бұдан бөлек, облыс әкімі «Новоишимская нефтебаза» ЖШС мен KAZMEAL LTD кәсіпорнына барып, олардың қызметімен танысты.
Жұмыс сапары аясында халыққа уақтылы әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге арналған жеті жедел медициналық жәрдем автокөлігінің кілтін табыстау рәсімі өтті.
Сонымен қатар өңір басшысы қазіргі уақытта өз мақсаты бойынша пайдаланылмайтын және консервацияланған күйде тұрған бұрынғы ауданаралық туберкулезге қарсы диспансердің ғимаратын аралады.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Ғабит Мүсірепов ауданының тұрғындарымен кездесу өтті. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер мен тұрғындардың өтініштері қаралды.






