Әже, ата-ана, немерелер бір сахнада: Астанада «Өнерлі отбасылар шеруі» өтті

    1 / 8

    Астанада Республика күні мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай түрлі ұлт өкілдерінен құралған отбасылар қазақтың әндері мен күйлерін орындап, бір сахнада бас қосты. Ермек Серкебаев атындағы №3 балалар музыка мектебінде өткен «Өнерлі отбасылар шеруіне» қатысқан әулеттер ұлттық музыканы дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық құндылықтардың маңызын көрсетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткен мерекелік концерттің басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және мектеп пен отбасы арасындағы байланысты арттыру.

    Қонақтарды мектептің камералық оркестрі «Япурай» әуенімен қарсы алды. Одан кейін оқушылар мектеп дәлізінде орналасқан «Адал азамат» бағдарламасына арналған арнайы көрнекі стендтерді таныстырды. Балалар Конституция қағидалары мен Мемлекет басшысының сөздеріне қатысты өз түсініктерін жеткізді.

    Салтанатты бөлімде сөз алған Дидар Байтасов отбасылық өнердің тәрбиелік маңызына тоқталды.
    «Отбасы – ұлттық құндылықтың негізі. Ал өнер – ұрпақтарды, білім беру мекемесі мен отбасын, тіпті түрлі ұлт өкілдерін байланыстыратын асыл мұра. Балаларымыздың өнерін шыңдап, оны отбасылық құндылыққа айналдырып, бүгін бірге өнер көрсетуге келген ата-аналарға алғыс айтамын», – деді ол.

    Орталық басшысы Ермек Серкебаев атындағы №3 балалар музыка мектебі елордадағы қосымша білім беру ұйымдарының арасында «Адал азамат» бағдарламасына арналған арнайы көрнекі стендтерді алғашқылардың бірі болып әзірлегенін де атап өтті.
    Кештің ерекше сәттерінің бірі – Мазмановтар отбасының өнер көрсетуі болды. Бір әулеттің үш буын өкілі – әже, ата-ана және немерелер бір сахнада бас қосып, халық күйі «Жастарды» орындады.

    Мектеп директоры Гүлмира Жангелді өнер арқылы балалардың қазақ тіліне деген қызығушылығы да артып келе жатқанын айтты. Мәселен, мектептегі хор сабақтарының бірі қазақ тілінде жүргізіледі. Оған өзге этнос өкілдерінің балалары да ата-аналарының қалауымен қатысып жүр.
    «Біздің хорда оқитын Василиса мен Ангелина қазақ тілін жақсы түсінеді. Екі жылдан бері қазақ тілінде сабақ алып жүр. Василиса былтыр дәстүрлі ән бағытына да қатысты. Ал Андрей Кващукты ата-анасы мен ата-әжесі арнайы домбыра үйренсін деп әкелген. Ол небәрі екінші жыл оқып жүр. Соған қарамастан, бүгін Динаның күрделі «Науаи» күйін орындады. Бұл – баланың қазақ музыкасына деген қызығушылығы мен еңбегінің нәтижесі», – деді ол.

    Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Өнерлі отбасылар шеруі» балалардың шығармашылық қабілетін дамытумен қатар, отбасылық дәстүрлерді сақтауға, қазақ музыкасын кеңінен насихаттауға және түрлі ұлт өкілдері арасындағы достықты нығайтуға бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары