Қудалау, қоңырау шалу және аңду: сталкинг үшін қандай жауапкершілік қарастырылған

    1 / 2

    Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, сталкинг – адамның еркінен тыс онымен байланыс орнатуға немесе оны аңдуға бағытталған заңсыз әрекеттер. Мұндай қудалау күш қолданумен ұштаспаса да, адамға елеулі зиян келтірген жағдайда қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Алматы ауданы прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Азат Барболов мәлімдеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

    Сталкинг қайта-қайта қоңырау шалу, хабарлама жіберу, кездесуге ұмтылу, адамның үйіне немесе жұмыс орнына бару, оны күтіп тұру, аңду сияқты әрекеттерден көрінуі мүмкін. Сондай-ақ адам байланыс орнатудан бас тартса да, оның қыр-соңынан аңду сталкинг белгілерінің бірі болуы ықтимал.

    Дегенмен әрбір қоңырау немесе хабарлама өздігінен қылмыстық құқық бұзушылық болып саналмайды. Әрекетке құқықтық баға бергенде оның сипаты мен қайталану жиілігі, адамның келісімінің болмауы, келтірілген зиянның елеулілігі, сондай-ақ қудалау әрекеттері мен олардың салдары арасындағы себеп-салдарлық байланыс ескеріледі.

    Қылмыстық кодекстің 115-1-бабында сталкинг үшін екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл, түзеу жұмыстары, екі жүз сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе елу тәулікке дейінгі қамақ түріндегі жазалар көзделген.

    «Сот тәжірибесінде сталкинг жасаған адамға жаза тағайындаумен қатар, жәбірленушіні қорғауға бағытталған қосымша шаралар да қолданылуда. Мәселен, Астана қаласының сотында қаралған іс бойынша сотталушы 80 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылып, оған алты ай мерзімге жәбірленушіні іздеуге, қудалауға және онымен байланыс орнатуға тыйым салынған.

    Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 98-3-бабына сәйкес, сот адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілей алады. Істің мән-жайларына қарай жәбірленушіні іздеуге, қудалауға, оған баруға, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен байланыс орнатуға тыйым салынуы мүмкін.

    Егер адам қайта-қайта қалаусыз қудалауға тап болса, қоңыраулар мен хабарламаларды өшірмей, сақтап қойғаны жөн. Олар қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына дәлел ретінде ұсынылуы мүмкін. Сталкинг үшін қылмыстық жауаптылықтың енгізілуі адамның жеке шекарасын қорғауға және қайта-қайта қудалау әрекеттерінің алдын алуға мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары