Тергеуші мен анықтаушының жұмысы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды анықтаумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар құқық бұзушылықтың жасалуына себеп болған мән-жайлар мен жағдайларды анықтап, оның қайталануына жол бермеу де маңызды.
Мұндай себептер мен жағдайлар анықталған кезде мемлекеттік органға, ұйымға, басшыға немесе кәсіпкерлік нысанының иесіне оларды жою туралы ұсыныс енгізіледі.
Іс жүзінде бұл бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнату, есік-терезелерді нығайту, күзет ұйымымен шарт жасасу және басқа да қауіпсіздік шараларын қабылдау болуы мүмкін.
Ұсынымды орындауға бір ай мерзім беріледі.
Айта кету керек, бұл — жаза емес, құқық бұзушылықтың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған профилактикалық шара.
Жыл басынан бері Жетісу облысы Полиция департаментінің тергеу және анықтау бөлімшелері тарапынан 2 180 ұсыным енгізіліп, оның 1 966-сы қаралған.
Нәтижесінде 64 жағдайда қылмыстық құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайлар жойылды. Сонымен қатар 114 лауазымды тұлға тәртіптік, 25 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осылайша, ұсыным енгізу — құқық бұзушылықтардың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі.









