«Азаматтық әріптестік: жаңа форматтар – ортақ шешімдер» атты Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдарының конференциясы өтті. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік Ел» конференц-залында өткен шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, еліміздің өңірлерінен келген азаматтық қоғам белсенділері, қала және аудандық деңгейдегі ҮЕҰ басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Биылғы конференцияның негізгі ерекшелігі – мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы диалог шеңберінен шығып, өңіраралық азаматтық әріптестікті күшейтуге басымдық берілуі.
Шара барысында азаматтық сектордың қазіргі жағдайы, ҮЕҰ-ны қолдау инфрақұрылымы, мемлекеттік әлеуметтік жобалардың тиімділігі, әлеуметтік бастамаларды қаржыландыру тетіктері және азаматтық қоғамды дамытудың жаңа құралдары талқыланды.
Конференцияға Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының Басқарма төрағасы Е.Сапаров, Алматы қаласы Азаматтық альянсының президенті Қ.Әбдіхалықов, Қызылорда облысының ҮЕҰ-ға арналған ресурстық орталығының басшысы А.Айтмамбетова, «Батыс Қазақстан облысының Азаматтық Альянсы» ЗТБ төрағасы Б.Әбілқасов және Қостанай облысының аудандық ҮЕҰ қозғалысының жетекшісі М.Бәкір қатысты.
«Біздің басты міндетіміз – Конституцияда бекітілген қағидаттарды күнделікті өмірде нақты істермен қамтамасыз ету. Белсенді азаматтық қоғам – мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтатын маңызды көпір. Үкіметтік емес ұйымдар халықтың нақты сұранысын мемлекеттік органдарға жеткізіп қана қоймай, сол мәселелерді шешуге тікелей атсалысады», - деді конференцияны ашқан облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев.
Негізгі отырыста Ақтөбе облысының азаматтық секторын дамыту бағытындағы жұмыстары, ҮЕҰ-ны қолдау инфрақұрылымы және азаматтық бастамаларды іске асырудың жаңа тетіктері таныстырылды.
Конференцияның маңызды алаңдарының бірі «Өңірлер дауысы» ашық микрофоны болды. Оның барысында еліміздің әр өңірінен келген азаматтық қоғам өкілдері өз тәжірибелері мен ұсыныстарын ортаға салып, өңірлердегі өзекті мәселелерді талқылады.
Қатысушылардың пікірінше, мұндай формат тиімді тәжірибелерді бір өңірден екіншісіне таратуға және ортақ мәселелер бойынша бірлескен жобалар әзірлеуге мүмкіндік береді.
«Әлеуметтік жобалар: қаржыландырудан нәтижеге дейін» тақырыбындағы жұмыс кездесуінде жергілікті атқарушы органдар мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ өкілдері әлеуметтік жобалардың нәтижелілігін арттыру, қаржыландыру тетіктері және мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жетілдіру мәселелерін қарастырды.
Конференция барысында азаматтық қоғамның дамуына үлес қосып жүрген белсенді үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ақтөбе облысы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Шараның мәдени бағдарламасы II дәстүрлі «Қонақ кәде – Өнер шашу» фестивалімен жалғасты.
Басқосу қорытындысында қатысушылар өңірлер арасындағы тұрақты тәжірибе алмасуды күшейту, азаматтық бастамаларды бірлесіп іске асыру және ҮЕҰ әлеуетін арттыру бағытындағы ынтымақтастықты жалғастырудың маңызын атап өтті.
Осылайша, Ақтөбеде өткен конференция азаматтық қоғам өкілдерінің басын қосқан кезекті жиын емес, өңірлердің тиімді тәжірибесін біріктіріп, ортақ мәселелерге бірлескен шешім іздеуге бағытталған практикалық диалог алаңына айналды.







